
1 қазан күні ҚР Ұлттық экономика министрлігі Moody’s халықаралық рейтинг агенттігі Қазақстанның егемендік кредиттік рейтингін бұрынғы деңгейде – Baa1, болжамы – «Тұрақты» деп растағанын хабарлады.
Министрліктің мәліметінше, рейтингті сақтауға елдің берік фискалдық ұстанымы, соның ішінде мемлекеттік қарыздың төмен деңгейі, оның жоғары өтелімділігі, сондай-ақ айтарлықтай көлемдегі фискалдық резервтер себеп болып отыр. Бұл резервтер Қазақстан экономикасын сыртқы күйзелістерден қорғауға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ Moody’s сарапшылары экономикалық өсімнің тұрақтылығын және экономиканың дағдарысқа қарсы тұру қабілетін қосымша оң фактор ретінде атап өткен.
Агенттік талдаушыларының болжамынша, 2025 жылы республикалық бюджеттің тапшылығы орташа деңгейде сақталады, ал мемлекеттік қарыз көлемі Baa санатындағы елдер арасындағы ең төмен деңгейлердің бірі болып қалады.
«Moody’s агенттігі Қазақстанда жүргізіліп жатқан институционалдық және экономикалық реформалар инвестициялық тартымдылықты арттыруға, сондай-ақ экономиканы әртараптандыру процесін жеделдетуге мүмкіндік береді деп есептейді», – деп хабарлады ҚР Ұлттық экономика министрлігі.