Мәжіліс электросамокаттарға сақтандыру мен нөмірді міндеттейтін заңды қабылдады
Мәжіліс «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» заң жобасын екінші оқылымда қабылдады.
Құжатта петицияларға қойылатын талаптар күшейтіліп, нысанасы бола алмайтын мәселелердің тізімі кеңейтілді. Бұған қоғамдық моральға, ұлтаралық және конфессияаралық келісімге зиян келтіретін, зорлық-зомбылық пен экстремизмді насихаттайтын, есірткі таратуға байланысты және басқа да қоғамға қауіпті тақырыптар енді.
Сот орындаушыларына қатысты да өзгерістер енгізілді. Бұдан былай атқарушылық құжаттар жеке орындаушыларға тікелей берілмей, автоматты түрде біркелкі үлестіріледі. Бұл «сұр схемалардың» жолын кесуге бағытталған.
Балалардың құқықтарын қорғау үшін өңірлік уәкілетті орган және оның бөлімдері құрылатын болды. Мемлекеттік органдар балаларға қатысты құқық бұзушылық анықталған жағдайда бұл органға бірден хабарлауға міндеттелді.
Жол қауіпсіздігіне қатысты маңызды норма – электросамокаттарды көлік құралдары ретінде тану. Енді оларды жалға алатын немесе жеке мінетін азаматтар нөмір алып, міндетті сақтандыру рәсімдеуі тиіс. Бұл талапсыз жолға шығу заңсыз саналады.
Бұдан бөлек, балық шаруашылығы саласындағы уәкілетті орган ақылы жолдарды тегін пайдаланады.
Әкімшілік жауапкершілік мына жағдайлар үшін енгізілді:
• төтенше жағдайлардың алдын алуда бақылаудың болмауы;
• жолда электросамокат жүргізушілеріне заң бұзуға жол беру;
• жеке сот орындаушыларының тиісті шара қабылдамауы;
• балалар құқығын қорғау органының жұмысына кедергі келтіру;
• қоғамдық орындарда бет-әлпетті жасыратын киім тыйымын бұзу.
Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдарға қала абаттандыру ережелерін бұзу, инфрақұрылымға зиян келтіру және жасыл желекті жою фактілері бойынша әкімшілік іс қозғау құқығы берілді.





