Жапониялық автоконцерн Nissan техникалық ақауларға байланысты 642 698 Nissan Rogue кроссоверін екі кезеңмен кері қайтару туралы шешім қабылдады.
Бұл туралы америкалық БАҚ хабарлады. Компания мәліметінше, көліктерді кері шақыртуға қозғалтқыш пен беріліс қорабындағы ақаулар себеп болған. Мұндай кемшіліктер жүргізу кезінде қуаттың жоғалуына және жол-көлік оқиғасы қаупінің артуына әкелуі мүмкін.
Бірінші кезеңде 2023-2025 жылдары шығарылған, 1,5 литрлік үш цилиндрлі VC-Turbo қозғалтқышымен жабдықталған 323 917 көлік тексеріледі. National Highway Traffic Safety Administration дерегінше, бұл модельдерде қозғалтқыштың мойын тіректері істен шығуы ықтимал. Соның салдарынан май ағуы немесе өрт қаупі туындауы мүмкін.
Екінші кезеңде 2024-2025 жылдары шығарылған дәл осындай турбоқозғалтқышы бар тағы 318 781 көлік қамтылады. Мамандар электронды дроссельді басқару блогында ақау болуы мүмкін екенін айтады, бұл да апат қаупін арттырады.
Компания барлық автокөліктер дилерлік орталықтарда тегін тексеріліп, қажет болған жағдайда жөнделетінін мәлімдеді. Көлік иелеріне ресми хабарламалар 2026 жылдың 27 наурызынан бастап жіберіледі.





