Жетісу облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті «Нұр Жолы» кеден бекетінде «NOMAD» мониторинг және дыбыстық бақылау жүйесінің пилоттық жобасын іске қосты.
Бұл қадам Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жасанды интеллектті мемлекеттік қызметтерді жетілдіруде тиімді пайдалану жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асырылып отыр.
Жаңа жүйе кедендегі қызмет көрсету процестерінің ашықтығын арттыруға және адам факторын азайтуға бағытталған. Жоба QR-тіркеу, кезектің интеллектуалды бөлінуі, диалогтарды аудиобақылау және транскрипциялау, сондай-ақ қызметкерлер мен СЭҚ қатысушыларының рейтингін автоматты қалыптастыру сияқты кезеңдерді толық автоматтандырады.
Қызмет көрсету сапасына ерекше назар аударылған: жасанды интеллект кеден қызметкерлері мен клиенттер арасындағы аудиожазбаларды талдап, сыпайылық деңгейін, сөйлеу мәдениетін және эмоциялық фонды бағалайды. Этика талаптарына сай келмейтін сөздер анықталған жағдайда жүйе автоматты хабарлама қалыптастырады.
2025 жылдың қазан айынан бері жүйе арқылы 11 мың талон рәсімделіп, қызмет көрсету уақытының орташа нормативі айқындалды. 6 мыңнан астам аудиожазба талданып, оның 18%-ында этикалық нормаларға қайшы келетін сөздер анықталған. Осы деректер негізінде қызметкерлермен тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Барлық ақпарат нақты уақыт режимінде Ситуациялық орталыққа түсіп, басшылыққа жұмыс жүктемесі мен тәуекелдер бойынша жедел шешім қабылдауға мүмкіндік береді.
Жоба мемлекет пен бизнес арасындағы сервистік және ашық жаңа өзара іс-қимыл моделін қалыптастыруға бағытталған.





