Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Онлайн-казиноға құйылған 600 млрд теңге: ҚМА ірі алаяқтық схеманы ашты

  Онлайн-казиноға құйылған 600 млрд теңге: ҚМА  ірі алаяқтық схеманы ашты

Қаржы мониторингі агенттігі заңсыз трансшекаралық аударымдар схемасын анықтады.

Тергеу мәліметінше, финтех сервистерінің иелері «сұр» POS-терминалдар мен букмекерлік компаниялармен жасалған жалған келісімшарттар арқылы төлемдерді заңды операциялар ретінде көрсетіп, қаражатты онлайн-казиноға шығарып отырған. Заңсыз қаржы айналымының көлемі 600 млрд теңгеден асты. Бұл іске 20-дан астам төлем ұйымы мен екінші деңгейлі банктердің кейбір қызметкерлері қатысқан.

Агенттік төрт онлайн-казиноға техникалық қолдау көрсеткен call-орталықтың да жұмысын тоқтатты. Оның заңсыз қызметіне Қазақстан, Ресей, Беларусь, Испания және Вьетнамнан 120 адам тартылған. Сонымен бірге ұйымдастырушылар криптовалюта арқылы ақша аударымдарын іске асыратын гемблинг серіктестік бағдарламасын құрған, оның айналымы $200 млн-нан асқан.

Тергеу аясында 70-тен астам тінту жүргізіліп, айғақты заттар тәркіленді. Сот санкциясымен тоғыз күдікті, оның ішінде «Төлем ұйымдары қауымдастығының» кеңесшісі қамауға алынды. Тағы сегіз адамға халықаралық іздеу жариялауға дайындық жүріп жатыр.

ҚМА онлайн-казиноның Қазақстанда толықтай тыйым салынғанын еске салып, заңсыз құмар ойындарын жарнамалау немесе оған қатысу қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін ескертті. Онлайн-казино жастарды тартатыны, салық төлемейтіні және қоғамның психологиялық саулығына елеулі зиян келтіретіні атап өтілді.

Ұқсас материалдар