Қазақстан OPEC Халықаралық даму қорымен жеке сектордағы операцияларды ұйымдастыру жөніндегі негіздемелік келісімді ратификациялады. Тиісті заң Сенаттың жалпы отырысында мақұлданды.
Келісім қазақстандық жеке компаниялардың OPEC қорының қаржы құралдарына қол жеткізуін жеңілдетуге бағытталған. Қор Қазақстанда толыққанды заңды тұлға ретінде жұмыс істеп, тікелей салықтардан босатылады және халықаралық ұйымдарға тән иммунитеттер мен артықшылықтарға ие болады.
OPEC Халықаралық даму қоры соңғы 50 жылда әлемнің 125 елінде 4 мыңнан астам жобаны жүзеге асырып, жалпы сомасы 30 млрд АҚШ долларынан аса қаржы бөлген. Соңғы 20 жылда Орталық Азия елдеріне тартылған инвестиция көлемі 1,4 млрд доллардан асты.
Қор қаржыландыратын негізгі бағыттар қатарында инфрақұрылым, климаттың өзгеруіне қарсы шаралар, азық-түлік қауіпсіздігі, энергетикалық ауысым, цифрландыру, инновациялар және шағын және орта бизнесті қолдау бар.
Жобалар бойынша пайыздық мөлшерлеме жылына 2,5-5%, жеңілдікті кезең 6 айдан 24 айға дейін, ал қарыз алу мерзімі 22 жылға дейін болуы мүмкін. Қаржының мақсатты жұмсалуы қатаң бақылауда болады.





