Отбасы банкі мемлекеттік тұрғын үйге кезекте тұрған азаматтардың дерекқорын жаңартып, нәтижесінде 55 мыңнан астам адам тізімнен уақытша шығарылды.
Бұған негізгі себеп – олардың меншігінде тұрғын үйдің болуы. Банк басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимованың айтуынша, қазіргі таңда дерекқорда 642 мың адам тіркелген. Тізімді қайта қарау деректерді нақтылау және мемлекет қолдауына шын мұқтаж азаматтарды анықтау мақсатында жүргізілуде. Қазіргі уақытта 244 мың адам барлық талапқа сәйкестігін растаған.
Тексеру барысында кезекте тұрған азаматтарға SMS хабарламалар жіберіліп, деректерін қайта растау ұсынылған. Нәтижесінде атына тұрғын үй рәсімделген немесе жұбайымен бірлескен меншікте баспанасы бар азаматтар мемлекеттік бағдарламаларға қатысу құқығынан уақытша айырылды.
Сонымен қатар түгендеу кезінде көптеген азаматтың бала кезінде жекешелендіру немесе мұрагерлік арқылы алған үлестік меншігі бары анықталған. Банк өкілдері мұндай үлестің (жетіден бір, үштен бір және т.б.) мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларына қатысуға кедергі келтірмейтінін нақтылады. Шектеу тек толық немесе бірлескен меншік иелеріне қатысты.
Айта кетейік, 2026 жылғы 31 қаңтардан бастап Отбасы банкінің ипотекасын өтеу үшін зейнетақы жинақтарын пайдалану ережелері өзгерді.





