
Үкімет басшысы Олжас Бектенов полипропилен зауыты қызметінің жоспардан тыс тоқтап қалу себептерін анықтап, салдарын жоюды жүктеді.
«Полипропилен зауытында өндірістің жоспардан тыс тоқтап қалуы және полиэтилен мен бутадиен шығару жобаларын іске асыру кезеңдерінің созылып кетуі алаңдаушылық туғызып отыр. Мұнда мерзімді бұлжытпай сақтау, өндірістің тоқтап қалу қаупін азайту және басқарушылық тәртіпті күшейту қажет. «Самұрық-Қазына» қоры биыл 15 маусымға дейін KPI зауытының тоқтап қалу себептерін жоюдың нақты кестесін, сондай-ақ Silleno зауытының аяқталу кезеңдері мен мерзімін көрсете отырып, жаңартылған жоспар-кестесін дайындап, ұсынуды тапсырамын. Сонымен бірге биыл 1 тамызға дейін бутадиен жобасы бойынша түпкілікті шешім қабылдаңыздар», – деді Олжас Бектенов Үкімет отырысында.
Сондай-ақ Премьер-министр қолға алынған мұнай-газ-химия өнеркәсібі туралы заң жобасын қолдады.
«Мұнай-газ бизнесі өкілдерімен өткен кеңесте мұнай-газ химиясы саласы туралы жеке заң әзірлеу мәселесі көтерілді. Бұл бастаманы қолдаймын. Энергетика министрлігі, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, Ұлттық экономика министрлігі және Әділет министрліктері биыл 1 қыркүйекке дейін Үкімет аппаратына тиісті заң жобасын енгізуді тапсырамын», – деп толықтырды О. Бектенов.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, елімізде мұнай-газ-химия өнеркәсібі туралы заң жобасы әзірленіп жатыр.
Одан бөлек Премьер-министр елімізден химия өндірісі шикізатының 45% экспортқа терең өңделмей шығарылатынын айтып, дайын өнімді шығару керектігін ескертті.