Биыл Қазақстанда ауыл шаруашылығы өнімдерін сатуға арналған ірі аграрлық маркетплейс іске қосылады.
Үкімет ауыл шаруашылығы өнімдерін ішкі және сыртқы нарықтарда өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітті.
Жоба аясында 2026 жылдың соңына дейін QazTrade Retail онлайн-платформасы жұмысын бастайды. Ол отандық өндірушілерді ішкі нарықта ілгерілетуге бағытталған. Платформаны іске қосуға республикалық бюджеттен 51,3 млн теңге бөлінеді, ал агромаркетплейс жеке инвестициялар есебінен құрылады.
Сонымен қатар тауарларды қадағалаудың Ұлттық жүйесі негізінде агроөнімдерге арналған маркетплейс іске қосу, сондай-ақ «Жасыл есептегіштер» жүйесі аясында бөлшек сауда желілері мен базарларда пилоттық сату нүктелерін ашу жоспарланған.
Үкімет отандық өнімдерді HoReCa саласында (қоғамдық тамақтану және қонақ үй бизнесі) ілгерілетуге де басымдық беріп отыр. Осы мақсатта 2026 жылдың маусымына дейін HoReCa қолдау бағдарламасы бекітіледі.
Өнімдерді сыртқы нарықта өткізу үшін қазақстандық өндірушілердің Gulfood және China International Import Expo секілді халықаралық көрмелерге қатысуы кеңейтіледі. Шикізаттық емес экспортты арттыруға 2026-2028 жылдары 11,2 млрд теңге бөлінеді.





