Жоғары аудиторлық палата «Самұрық-Қазына» АҚ мен оның еншілес компанияларында мемлекеттік активтердің тиімділігін тексеріп, маңызды кемшіліктерді анықтады.
Аудит 18 заңды тұлғаны қамтыды және Парламент пен қоғам тарапынан түскен сауалдар ескерілді.
2024 жылдың қорытындысы бойынша қор компаниялар тобының кірісі 16,5 трлн теңге, таза пайдасы 2,4 трлн теңге болды. Аудит кезеңінде холдинг мемлекетке 2,37 трлн теңге аударған, оның ішінде 779,9 млрд теңгесі дивидендтер, 1,6 трлн теңгесі активтерді бәсекелестік ортаға беру арқылы төленген. Бұдан бөлек, Президент пен Үкімет тапсырмаларына 673 млрд теңге бағытталған.
Аудит қорытындысы бойынша:
-
122,2 млрд теңге көлемінде қаражатты тиімсіз пайдалану анықталды;
-
351,8 млн теңге қаржылық бұзушылық тіркелді;
-
119 жүйелік кемшілік анықталды.
Палатаның хабарлауынша, трансформация бағдарламасы күткен нәтижеге жеткізбеген, корпоративтік басқару деңгейі төмен, стратегиялық құжаттар сапасыз әзірленген, ақпараттық жүйелер жеткіліксіз, ал активтердің бір бөлігі шығынмен жұмыс істеген. Инвестициялық жобалардың басым бөлігі мерзімінде аяқталмаған.
Аудит материалдары әкімшілік және құқық қорғау органдарына жолданған. Палата холдингтің басқару құрылымын оңтайландыру және бақылауды күшейту қажеттігін атап өтті.





