
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауы аясында Үкімет халықаралық көлік бағыттарын дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр.
Соның ішінде Транскаспий халықаралық көлік бағыты (ТХКБ) – елдің транзиттік әлеуетін арттырудағы стратегиялық жобаға айналды.
Көлік министрлігінің дерегінше, соңғы бес жыл ішінде ТХКБ бойынша жүк тасымалдау көлемі алты есеге ұлғайған. Егер 2020 жылы бар-жоғы 0,8 млн тонна жүк тасымалданса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 4,5 млн тоннаға жеткен. Ал 2025 жылдың алғашқы жартысында 2,3 млн тонна жүк өткізілген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7%-ға артық.
Жаңа мүмкіндіктер мен жеңілдетілген рәсімдерКонтейнерлік тасымалдардың артуына кедендік рәсімдерді автоматтандыру үлкен серпін берді. Бұрын бір пойызды рәсімдеуге үш сағат кетсе, қазір бұл процесс небәрі 30 минутқа қысқарған.
Инфрақұрылымдық жобаларКөлік саласындағы жаңалықтар мұнымен шектелмейді. Министр Мақсат Қалиақпаровтың айтуынша:
– Жуырда Қытаймен бірлесіп Ақтау портында контейнерлік терминал іске қосылды. Сондай-ақ, Сиань қаласында біздің құрғақ порт табысты жұмыс істеп тұр. Селятино, Свислочь және Будапешт маңында жаңа терминалдар салынуда. Маусым айында Грузияның Поти портында Қазақстанның алғашқы мультимодалды терминалы ашылды, – деді ол.
Осылайша, Транскаспий бағыты Қазақстанның ғана емес, бүкіл өңірдің транзиттік әлеуетін күшейтіп, халықаралық саудадағы бәсекелік артықшылығын арттырып отыр.