Қазақстанда бензин бағасын көтеру жоспарланып отырған жоқ.
Алайда, 2027 жылдан бастап Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) аясында мұнай мен мұнай өнімдерінің ортақ нарығына көшу кезінде жанармай бағасы біртіндеп көршілес елдер деңгейіне жақындауы мүмкін. Бұл туралы Энергетика министрінің кеңесшісі, ресми өкіл Әсел Серікпаева мәлімдеді.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта АИ-92 маркалы бензин бағасына мораторий енгізілген және ішкі нарықтағы жағдай уәкілетті мемлекеттік органдардың тұрақты бақылауында.
«Жанар-жағармай бағасының күрт өсуі болжанып отырған жоқ. Ішкі отын нарығындағы ахуал тұрақты бақылауда», – деді министрлік өкілі.
Әсел Серікпаева 2027 жылдан бастап ЕАЭО аясында мұнайдың ортақ нарығын құру процесі кезең-кезеңімен жүзеге асатынын атап өтті. Бұл бағаны автоматты түрде теңестіру емес, заңнаманы үйлестіруді көздейді.
– Кез келген интеграциялық үдерісте басты басымдық Қазақстанның ұлттық мүддесі мен азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатына беріледі. Алайда нарықтық факторларды да ескермеуге болмайды. Көрші елдермен баға айырмашылығы арзан отынның заңсыз шығарылуына, ішкі нарықта тапшылықтың туындауына әкелуі мүмкін. Сонымен қатар төмен баға инвестиция тартуға кедергі келтіріп отыр, ал саланы дамыту үшін мұнай өңдеу зауыттарын кеңейтуге және жаңа зауыт салуға қаржы қажет, – деді ол.
Министрлік мәліметінше, мораторий аяқталғаннан кейін нарықтық баға белгілеуге көшу біртіндеп жүзеге асырылады. Бұл ретте халықтың табыс деңгейі мен экономикалық жағдай міндетті түрде ескеріледі.
– Тұтынушылар үшін бағаның күрт өсуіне жол берілмейді, – деп сендірді ведомство.





