Жәрдемақы мен зейнетақыға 216 млрд теңге тиімсіз жұмсалған – Жоғары аудиторлық палата
Жоғары аудиторлық палата (ЖАП) Қазақстандағы зейнетақы және әлеуметтік төлемдер жүйесіне жүргізген кешенді аудит қорытындысын жариялады.
Тексеру нәтижесінде 216,2 млрд теңге тиімсіз жұмсалғаны, сондай-ақ 5 млн теңге көлемінде қаржылық заңбұзушылық анықталған.
Аудиторлар бірнеше жүйелік кемшіліктерді көрсетті. Соның бірі – жүктілік бойынша жоғары төлем алу үшін әйелдердің бір уақытта бірнеше жұмыс орнында тіркелуі. Мәселен, бір адам 10 мекемеге, ал тағы 169 азамат 16 ұйымға қатар тіркелген. Бұл әлеуметтік төлемдердің заңсыз тағайындалуына және бюджеттің тиімсіз шығындалуына әкелген.
Сонымен қатар, әлеуметтік сақтандыру қорынан артық актив алынғаны анықталды. Бұл 216 млрд теңгенің тиімсіз пайдаланылуына себеп болған. Салық органдарымен ақпарат алмасудың әлсіздігі мен нормативтік шектеулердің болмауы салдарынан тағы 96 млрд теңге жоғалған.
Аудит барысында барлығы 46 жүйелік кемшілік тіркелді. 22 материал әкімшілік жауапкершілікке жіберілсе, екі факті құқық қорғау органдарына жолданған.
ЖАП мәліметінше, соңғы бес жылда әлеуметтік төлемдер айтарлықтай өскен:
-
орташа солидарлық зейнетақы – 37%,
-
базалық зейнетақы – 45%,
-
жинақтаушы зейнетақы қоры бойынша төлемдер – 25%,
-
мемлекеттік жәрдемақылар – 58%,
-
әлеуметтік сақтандыру қорынан төлемдер – 2,5 есе артқан.
Аудиторлар жүйені жетілдіру үшін халықаралық ақпарат алмасуды күшейтуді, қосарланған төлемдерге жол бермеуді, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың жарналарын бақылауды және нормативтік базаны жаңартуды ұсынды. Сондай-ақ қор активтерін басқару тәсілдерін қайта қарау қажет екені айтылды.





