Қазақстанда энергетика саласын дамытуға бағытталған ауқымды жоба қолға алынды.
2026-2030 жылдарға арналған көмір генерациясын дамыту жөніндегі ұлттық жоба елдегі электр энергиясына сұраныстың өсуін қамтамасыз етіп, энергетикалық жүйені жаңғыртуға бағытталған.
Жоспарға сәйкес, 2030 жылға дейін жалпы қуаты 7,8 ГВт болатын жаңа және жаңартылған энергия көздері іске қосылады. Оның ішінде 8 жаңа электр станциясын салу және жұмыс істеп тұрған 11 нысанды жаңғырту көзделген.
Жаңа станциялардың жалпы қуаты 5,3 ГВт-ты құрайды. Ірі жобалардың қатарында Курчатов қаласындағы 700 МВт-тық конденсациялық станция, Екібастұз қаласындағы қуаты 2 640 МВт болатын ГРЭС-3, сондай-ақ Қарағанды (350 МВт) мен Екібастұздағы (180 МВт) жылу электр станциялары бар.
Бұдан бөлек, Жезқазған, Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында жаңа жылу электр орталықтарын салу жоспарланған.
Жоба тек жаңа қуат көздерін іске қосуды ғана емес, қолданыстағы станцияларды жаңғыртуды да қамтиды. Соның нәтижесінде жабдықтардың тозу деңгейін 13%-ға төмендету көзделіп отыр.
Сала мамандарының айтуынша, бұл бастама елдің энергетикалық қауіпсіздігін күшейтіп, өнеркәсіп пен цифрлық экономиканың дамуына берік негіз қалайды. Сонымен қатар, көмір генерациясы экологиялық талаптарды сақтай отырып, ұзақ мерзімді перспективада Қазақстанның энергия жүйесінде маңызды рөл атқара береді.





