Абай облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 25 жоба қаржыландырылды
Абай облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасын жүзеге асыру жұмыстары жалғасып жатыр.
Биыл бағдарлама аясында жалпы құны 534,4 млн теңгені құрайтын 25 жоба қаржыландырылған. Бағдарламаның іске асырылу барысы облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өткен кеңейтілген аппараттық кеңесте қаралды.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ертай Қуанбаевтың мәліметінше, жоба аясында өңірдің 10 ауданына қарасты 138 ауылдық округте әлеуметтік-экономикалық скрининг жүргізілген. Нәтижесінде ауылдық округтердің даму әлеуеті анықталып, олардың барлығы 2025 жылғы несиелеу бағдарламасына енгізілген.
Өткен жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыруға 1 млрд теңге бөлінген болатын. Қазіргі таңда жалпы сомасы 863,8 млн теңгеге 48 өтінім қабылданып, оның ішінде 25 жобаға қаржылай қолдау көрсетілген.
Бағдарлама шеңберінде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен қайта өңдеуге басымдық беріліп отыр. Атап айтқанда, сүт, ет және көкөніс өнімдерін өндіру, сақтау және өңдеу бағытындағы жобалар қолдау табуда.
Сонымен қатар биыл өңірге бағдарламаны одан әрі дамыту үшін қосымша 4,5 млрд теңге бөлу жоспарланған. Бұл ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік бастамаларын кеңейтіп, жаңа өндірістерді іске қосуға мүмкіндік береді.
Кеңес барысында облыс әкімі жауапты мекемелерге бөлінген қаражаттың тиімді әрі мақсатты игерілуін қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ 2026 жылға арналған жобалар пулын алдын ала қалыптастыру және халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттігін атап өтті.
Берік Уәлидің айтуынша, облыста ауыл шаруашылығын, қайта өңдеу өнеркәсібін және қызмет көрсету саласын дамытуға жеткілікті мүмкіндік бар.
«Біздің басты міндетіміз – жеңілдетілген несиелердің тиімді пайдаланылуын қамтамасыз ету, ауылдағы жаңа кәсіпкерлік бастамаларды қолдау және тұрақты жұмыс орындарын құру. Бұл ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттырып, тұрақты табыс көздерін қалыптастыруға мүмкіндік береді», – деді облыс әкімі.
Мамандардың пікірінше, «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік белсенділігін арттырып қана қоймай, өңір экономикасын әртараптандыруға және ауылдық елді мекендердің тұрақты дамуына серпін береді.





