Биыл Қазақстанға жаңа Boeing ұшақтарын жеткізу жоспарланып отыр. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев компанияның атқарушы вице-президенті Джефф Шоккимен кездесу барысында айтты.
Кездесуде Мемлекет басшысы отандық Air Astana, SCAT және VietJet Qazaqstan әуе компанияларының қатысуымен жүзеге асырылып жатқан бірлескен жобалардың елдегі авиация саласын дамыту үшін маңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар Президент Air Astana мен Boeing арасында ұшақ жеткізу жөніндегі келісімнің жасалуын құптады.
Бұдан бөлек, SCAT әуе компаниясы қосымша Boeing ұшақтарын сатып алуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ америкалық корпорациямен серіктестік аясында Шымкент әуежайы базасында алғашқы техникалық қызмет көрсету және жөндеу орталығын ашу мүмкіндігі қарастырылуда.
Кездесу барысында Джефф Шокки компанияның цифрландыру бағытындағы жоспарларымен бөлісіп, Қазақстанның көлік-транзиттік әлеуетіне жоғары баға берді. Оның айтуынша, әуе жүк тасымалы саласында өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік мол. Сонымен қатар тараптар авиация саласына маман даярлау және жүк тасымалдаушы ұшақтар паркін кеңейту мәселелерін талқылады.





