Алматы. 27 қыркүйек. 7kun.kz - Алматы облысының әкімінің орынбасары Бағдат Мәнізоров ұсталып, уақытша қамау изоляторында отыр. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі басшысының бірінші орынбасары Олжас Бектенов БАҚ өкілдеріне айтты.
«Алматы облысы әкімінің орынбасары Бағдат Мәнізоровтың ұсталғаны туралы ақпаратты растаймыз, қазір ол уақытша қамау изоляторында. Қазір қылмыстық кодекстің қай бабы бойынша айып тағылғанын қарастырып жатырмыз», - деді ол.
Бірақ, нақты қай ісі үшін қамалғаны туралы нақты ақпарат берген жоқ.
«Бұдан басқа ақпаратты жариялай алмаймын. Өздеріңіз білесіздер, тергеу құпиясы бар, сондай-ақ қылмыстық іс жүрігізудің талаптарын да ұмытпауымыз керек. Тиісті ақпарат болған жағдайда, оны бұқаралық ақпарат құралдарына жариялаймыз», - деді Олжас Бектенов.
Айта кетейік, кеше Бағдат Мәнізоровтың қамауға алынғаны туралы ақпарат тараған еді. Алайда күні бойы расталмады. Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі БАҚ өкілдеріне Мәнізоровтың іс-сапарда екенін, ақпарат бойынша құқық қорғау органдарына хабарласқанын айтқан.
Бағдат Мәнізоров облыс әкімінің орынбасары қызметіне осыдан екі ай бұрын ғана тағайындалған еді. Оған дейін Алматы қаласында лауазымды қызметтер атқарған.