Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Алматыда BeWoman Asia Орталық Азия форумы өтіп жатыр

Алматыда BeWoman Asia Орталық Азия форумы өтіп жатыр

Алматыда BeWoman Asia Орталық Азия форумы басталып, алғашқы күні мәресіне жетті. Форум көшбасшылық, инновациялар, әлеуметтік прогресс пен теңдік мәселелерін талқылайтын маңызды алаңға айналды. Шараға 20 елден келген кәсіпкерлер, қоғам қайраткерлері және жаңашылдар қатысты, деп хабарлады BeWoman Asia Орталық Азия форумының баспасөз қызметі. 

Форумға үш мыңға жуық қатысушы жиналып, төрт алаңда панельдік пікірталастар, сарапшылық сессиялар және мастер-кластар ұйымдастырылды. Барлығы «The Power of Generations / Ұрпақтар күші» тақырыбымен біріктірілді. Негізгі идея – білімге, технологияға, адами капиталға және жаңа нарықтарға ұзақмерзімді инвестиция құю, сондай-ақ ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз ету. Форум аға буын даналығы мен жастардың энергиясын тоғыстырып, өңірдің болашағын айқындайтын шешімдер қабылдайтын диалог алаңына айналды.

Форумның басты тақырыптары: Жасанды интеллект пен цифрлық трансформация, ESG және тұрақты инвестициялар, Әйелдер кәсіпкерлігі мен қаржы, Білім және әлеуметтік әсер, Креативті экономика және мәдени дипломатия болды. 

Жанна Кан, фото: BeWoman Asia



«Біз ғажайып заманда өмір сүріп жатырмыз. Тепе-теңдікті сақтау үшін қозғалу керек. Бұл – технологиялар, жаһандану, жасанды интеллект пен цифрландыру дәуірі. Егер біз үйренбесек, өзгермесек, бейімделмесек – шетте қалуымыз мүмкін. Өзгеріс әкелмейтін білім – қажетсіз. Сондықтан біз бүгін осында жиналдық. Әрбір келген адам өз трансформация жолында алғашқы не кезекті қадам жасады. Біз – өз өміріміздің сәулетшісіміз. Бүгін біздің дауысымыз осы сахнадан да алысқа жетіп жатыр!», дейді форум мен BeWoman қорының негізін қалаушы, меценат Жанна Кан. 

Форумға Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасы Аида Балаева да қатысып, сөз сөйледі.

Аида Балаева, фото: BeWoman Asia

«Мемлекет басшысы Қазақстанның жаңа идеологиялық платформасын құрды. Оның негізінде – «Заң және Тәртіп», «Таза Қазақстан», «Адал Азамат» концепциялары жатыр. Оларды жүзеге асырудағы үлкен міндет – бізде, әйел-көшбасшыларда. Біз жастарға осы құндылықтарды дарытуымыз керек: ішкі мәдениет пен заңға мойынсұну, даму мен жауапкершілікке ұмтылу, еңбексүйгіштік пен дәстүрге құрмет, табиғат пен адам қадірін бағалау, бірлік пен төзімділік. Осы залдағы әйелдердің әрқайсысы – табысты тұлға, біздің еліміздің болашағы сіздерге байланысты», деді Аида Балаева. 



Форум аясында «Бірліктің күші – Әйел-көшбасшылардың халықаралық альянсы» атты дөңгелек үстел өтіп, делегация қатысушылары декларацияға қол қойды. Құжат Орталық Азиядағы әйел-көшбасшылар мен серіктестердің халықаралық альянсын құру идеясын бекітті.

Сондай-ақ, форумда 12 сағатқа созылған дискуссиялар мен мастер-кластар өтті. Мысалы, «Визионерлер: өңірдің басты қозғаушы күші» сессиясында кәсіпкер, меценат Юрий Цхай Alatau City жобасы туралы баяндап, жас буынға «Өмірде мүмкін емес ештеңе жоқ. Бәрі мүмкін – тек төзу және тәуекел ету керек. Ең бастысы – арман, мақсат, сенім» екенін атап өтті. 

«Болашақтың этикалық бизнесі: тұрақты өсімге әкелетін ESG құндылықтары» сессиясында Баглана Мусина (Freedom Holding Corp.) «Бүгінде сенім – жаңа валюта. ESG – сәнді тренд емес, болашақтағы компаниялар мен адамдардың табыс формуласы» екенін айтты. 

«Continuous Reinvention and the New Economic Opportunity. Өзгерістердің құндылығы: трансформация мүмкіндіктерді қалай тудырады» сессиясында Колумбия университетінің профессоры, әлемнің Top-10 Thinkers қатарына енген Рита МакГрат (АҚШ):«XXI ғасырда көбірек ресурсы барлар емес, тезірек үйреніп, әрекет ететіндер жеңеді», деді. 

Жаһандық инвестор, меценат Оскар Хартманн: «Кәсіпкерді жеңістер емес, қателіктер тереңірек қалыптастырады. Солар болашақтағы «бірмүйізділердің» (unicorn) іргетасы болады», деп атап өтті. 

Бразилиядан келген медиа-стратег, ментор Фабиана Сантана әйелдердің халықаралық деңгейде бизнес-экожүйеге ықпалы туралы ой бөлісті.

Олимпиада чемпионы, әлем рекордшысы Илья Ильин «Құлаудың күші: қайта тұрып, жеңіске жету» сессиясында өмірлік тәжірибесін бөлісіп, табандылық пен ішкі ресурстың маңызын атап өтті.

Форумға ЮНЕСКО, ЮНИСЕФ, ООН, ОБСЕ, UN Woman, Woman in Tech өкілдері қатысты. «Мүмкіндіктер ұрпағы» сессиясында балалар мен жастардың қоғамдағы рөлі талқыланды. ЮНИСЕФ Қазақстан өкілі доктор Рашед Мустафа Сарвар: «Ең тиімді инвестиция – балалардың білімі мен денсаулығына жасалатын инвестиция» екенін айтты. 

27 қыркүйекте форум жалғасады. Қатысушыларды Надя Жексембаева, Седа Каспарова, Салва Арфауи, Арсен Томский, Геннадий Полонский, Кристина Трейси және басқа да халықаралық сарапшылар қатысатын сессиялар күтеді. 

Анықтама: Алғашқы BeWoman форумы 2024 ж. наурызда Ташкентте өтті. 9 елден 700-ден астам қатысушы жиналды. 2024 ж. қазанда Алматыда офлайн және онлайн форматта 9 000-нан астам адам қатысты. Бүгінде жоба – 4 елден 150-ден астам меценаттың қолдауымен жүзеге асатын қоғамдық бастама.

Ұқсас материалдар