Алматыда Қазақстан–Қытай инвестициялық форумы өтіп жатыр: 40-тан астам келісім жоспарланған
Алматыда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен «Қазақстан – Қытай» инвестициялық форумы өтуде. Екі елдің іскер топтары мен ірі корпорацияларының басын қосқан форумға 300-ден астам қытайлық және 200-ден астам қазақстандық компания қатысып жатыр.
Саудадан - өндіріске
Форумның күн тәртібінде саудадан бөлек, Қазақстанда өндіріс ашу, технология тарту және бірлескен жобаларды іске асыру мәселелері бар. KAZAKH INVEST басшысы Сұлтанғали Кинжакуловтың айтуынша, Қытайдан келген компаниялардың арасында Қазақстанда жұмыс істеп жатқан немесе елге инвестиция салуды жоспарлап отырған инвесторлар бар.
Бағдарламада көлік және логистика дәліздері, өнеркәсіптік кооперация мен терең өңдеу, цифрлық экономика және қаржы инфрақұрылымы талқыланады. Сондай-ақ бизнес өкілдері арасында B2B кездесулер өтіп жатыр. Форум қорытындысында бірнеше миллиард доллар сомасына 40-тан астам коммерциялық құжатқа қол қою жоспарланған.
Роботтар өндірісі мен жаңа логистикалық жобалар
Форум аясында OMODA, JAECOO және Li Auto көліктерін Қазақстанда өндіру, Құрық портының инфрақұрылымын дамыту, «Қорғас» арнайы экономикалық аймағында «ақылды» логистикалық парк салу және Xinfa көмір-химия кешенін құру жобалары таныстырылып жатыр.
Жоғары технологиялар саласындағы бастамалардың бірі — UBTECH компаниясының Алматыда Қытайдан тыс алғашқы гуманоид роботтар зауытын салу жобасы. Бұдан бөлек, BeOne және INKAR компанияларымен бірлесіп онкологиялық препараттар өндірісін жергіліктендіру мәселесі қарастырылуда. Бұл бастамалар әзірге форумда ұсынылған жобалар ретінде аталып отыр.
Сауда көлемі — 49 млрд доллар
Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы 2025 жылдың қорытындысы бойынша шамамен 49 млрд долларға жетті. Қытайдан келген тікелей инвестиция көлемі 2,8 млрд доллар болды. Қазақстанда Қытай капиталы қатысатын 8,5 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді, ал екі ел бұған дейін жалпы құны 13,3 млрд доллар болатын 77 бірлескен жобаны іске асырған.
Соңғы он жылда екі елдің тауар айналымы 10 млрд доллардан 48 млрд долларға дейін өскен. Алдағы мақсат — бұл көрсеткішті 100 млрд долларға жеткізу. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдың «Синьхуа» агенттігіне берген сұхбатында айтқан еді.
Ұқсас материалдар
Көп оқылғандар
АДБ 2026 жылы Қазақстандағы инвестиция 8%-ға өседі деп күтеді
- 24 қыркүйек, 2026





