
Астанада МАГАТЭ өкілдерінің қатысуымен Қазақстандағы алғашқы АЭС салынатын орынды таңдауға арналған семинар өтті.
Бес күндік семинарға МАГАТЭ өкілдерінен бөлек Энергетика министрлігінің, Экология және табиғи ресурстар министрлігінің, Атом энергетикасы жөніндегі агенттіктің, «Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС-нің мамандары шақырылған.
Семинарда АЭС салуға қолайлы орын таңдаудағы МАГАТЭ ұсынатын халықаралық стандарттар мен принциптер талқыланбақ.
«Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС бас директорының орынбасары Ринат Оқасов семинар барысында Алматы облысы Үлкен кентінің қай тұсы АЭС құрылысына қолайлы екенін ғылыми тұрғыда талқылау көзделіп отырғанын айтады.
«Бұл – Алматы облысының Жамбыл ауданы, Үлкен кентінің аумағы. Ендігі маңызды қадам – станса орын тебетін алаңды тікелей анықтау. Сол үшін МАГАТЭ мамандарынан бізге келіп, антропогендік, техногендік және басқа да факторларды ескере отырып орын таңдаудағы тәжірибесін бөлуді сұрағанбыз. Осы білім бізге АЭС-тің орнын таңдауға көмегін тигізеді деп есептейміз», – дейді ол.
«Бірнеше жыл бойы біз Курчатов қаласын да, Үлкен кентін де зерттеп келдік. Енді бұрынғыдан да терең зерттеулер жүргізу қажет болып отыр. Оның ішінде инженерлік-техникалық жұмыстар да бар. Сондай-ақ, сейсмология талдаулары, метеорология талдаулары, топырақ пен су талдаулары де есепке алынады. Тіпті сол маңдағы елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық факторы да терең зерттеліп жатыр», – деді Ринат Оқасов.
Семинардың ашылуында Атом энергетикасы жөніндегі агенттік төрағасының орынбасары Әсет Махамбетов пен МАГАТЭ сарапшыларының тобының жетекшісі Ли Хен У сөз алып, саладағы қауіпсіздік мәселелеріне кешенді тұрғыда келу маңызды екенін атап өтті.
«Біз ядролық қауіпсіздік, қорғаныс және ашықтық мәселелеріне бірінші кезекте көңіл бөлеміз. Қазақстан МАГАТЭ стандарттары мен үздік халықаралық тәжірибелерді мүлтіксіз ұстанады», – деді Асет Махамбетов.