Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Астанада жылына 18 мың тонна өнім өндіретін ет комбинаты ашылады

Астанада жылына 18 мың тонна өнім өндіретін ет комбинаты ашылады

Елордадағы Индустриялық парк аумағында заманауи ет өңдеу комбинаты іске қосылады.

«Астана ЕТКОМ» серіктестігі жүзеге асырып жатқан жобаның жалпы құны 8 млрд теңгені құрайды.

Кәсіпорын тәулігіне 50 тоннаға дейін дайын өнім шығарып, жылына 18 мың тоннадан астам өнім өндіруге қауқарлы болады. Мұнда шұжық өнімдері, ет деликатестері, жартылай фабрикаттар және салқындатылған ет өнімдері өндірілмек. Шикізат негізінен отандық өндірушілерден сатып алынады.

Жобаның алғашқы кезеңінде 100 адам жұмыспен қамтылса, толық қуатына шыққан кезде жұмыс орындарының саны 300-ге жетеді. Сонымен қатар кәсіпорын колледж студенттерін өндірістік тәжірибеден өткізіп, кейін тұрақты жұмысқа орналастыруды жоспарлап отыр.

Премьер-министр Олжас Бектенов жұмыс сапары барысында сондай-ақ «RnR Group» компаниясының нан-тоқаш және сүт өнімдерін өндіретін жаңа нысандарымен танысты. Жалпы құны 8,8 млрд теңге болатын бұл жобалар тәулігіне 25 тонна ұн өнімдерін және 100 тоннаға дейін сүт өнімдерін шығаруға мүмкіндік береді.

Атап айтқанда, құны 6 млрд теңге болатын сүт өңдеу зауыты тәулігіне 100 тонна сүт өңдеп, 350 түрлі өнім шығаруды көздеп отыр. Кәсіпорынның алғашқы өнімдері осы жылдың тамыз айында нарыққа шығарылады.

Үкімет мәліметінше, 2025-2026 жылдары Астанада азық-түлік қауіпсіздігін нығайту мақсатында қуаты 12 мың тонна болатын екі көкөніс қоймасы мен жылына 53 мың тонна өнім өндіретін үш қайта өңдеу зауыты пайдалануға берілген. Алдағы екі жылда агроөнеркәсіп кешенінде жалпы құны 180 млрд теңгені құрайтын тағы жеті инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 1,6 мың жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.

Ұқсас материалдар