Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

«Атамекен» денсаулық сақтау саласын ҚҚС-тан босатуды ұсынады

«Атамекен» денсаулық сақтау саласын ҚҚС-тан босатуды ұсынады
«Атамекен» ҰКП ҚР Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Салық кодексін енгізу жөніндегі Жобалық кеңсенің 24-отырысында денсаулық сақтау саласына түсетін салықтық жүктеме мәселесін қайта көтерді

Кәсіпкерлердің ұстанымын «Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы Қанат Шарлапаев таныстырды. Оның айтуынша, қазіргі модельде ҚҚС-тың 5% және 16% мөлшерлемелерінің қатар қолданылуы, сондай-ақ ТМККК және МӘМС шеңберіндегі жекелеген операциялардың салықтан босатылуы салықтық әкімшілендіруді күрделендіріп, қателесу тәуекелдерін арттырады және медициналық ұйымдар мен өндірушілерге қосымша қаржылық жүктеме түсіреді.

«Жағдайды реттеу үшін Ұлттық палата екі түрлі шешім ұсынып отыр: денсаулық сақтау саласын ҚҚС-тан босатуды қайта енгізу немесе дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға 5% мөлшерінде бірыңғай төмендетілген мөлшерлеме белгілеу және медициналық қызметтерге 0% ҚҚС қолдану», – деді Қанат Шарлапаев.

Палатаның мәліметінше, ҚҚС енгізілгеннен кейін бизнес айналым қаражатының қысқаруы, халықтың сатып алу қабілетінің төмендеуі және өнімнің өзіндік құнының өсуі сияқты мәселелерге тап болып отыр. Салықтық жүктеме медициналық ұйымдар үшін де айтарлықтай сезіледі. Олардың шығындарының 65-70%-ына дейін еңбекақы төлеу қорына тиесілі, ал еңбекақы шығындары кіріс ҚҚС-ын қалыптастырмайды.

Сонымен қатар халықаралық тәжірибе денсаулық сақтау саласында салықтық жеңілдіктердің ЭЫДҰ елдерінде кеңінен қолданылатынын көрсетеді. Ұлттық палата ұсынған талдауға сәйкес, ЭЫДҰ-ға мүше 37 елдің 32-сінде медициналық қызметтерге, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға қатысты ҚҚС бойынша жеңілдіктер қарастырылған.

ҰКП пікірінше, денсаулық сақтау саласындағы салық саясаты бюджет түсімдерін ғана емес, халық үшін медициналық көмектің қолжетімділігін де ескеруі тиіс. Емдеу құнының өсуі табысы төмен және орташа отбасыларға көбірек әсер етіп, олардың диагностикадан немесе қажетті ем алудан бас тарту қаупін арттыруы мүмкін.

Отырыс қорытындысы бойынша қатысушылар қосымша есептеулер жүргізіп, ҚҚС мөлшерлемелерін ықтимал өзгерту шараларының бюджетке, саланың тұрақтылығына, дәрілік заттардың құнына және медициналық көмектің халыққа қолжетімділігіне әсерін жан-жақты бағалауға келісті.


Ұқсас материалдар