Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Auto China 2024 көрмесінде 117 жаңа автокөлік таныстырылады

Auto China 2024 көрмесінде 117 жаңа автокөлік  таныстырылады

Бүгін Бейжіңде 18-ші Auto China 2024 халықаралық автосалоны ашылады. Әлемдегі ірі автокөрмеге келушілер Қытай, Жапония, АҚШ, Германия және басқа да елдердің 30 автобренді ұсынған 117 жаңа көлікпен таныса алады, деп хабарлады көрме ұйымдастырушылары.

Олардың қатарында BMW, Ford, General Motors, Honda, Mercedes-Benz, Tesla және Toyota өнімдері көрсетіледі. Экспозицияда Porsche, Lamborghini, Bentley, Rolls-Royce, Lotus стендтері де бар. Қытайлық брендтерден Changan, Cherry, Geely, Haval және басқалары бар.

Auto China 2024 көрмесінің келушілері концепт-көліктердің 41 моделін - болашақ автопрототиптерін көреді. Соңғы жылдары Қытайда экологиялық таза энергия көздерінде жүретін көліктерді өндіру қарқынды дамып келеді, сондықтан көрменің бір бөлігі электромобильдерге арналған. Автосалон қонақтары 278 электромобиль модельдерімен, оның ішінде Қытайда бірден сұранысқа ие болған Xiaomi SU7-мен таныса алады.

Автосалон 25 сәуірден 4 мамырға дейін Шуньи ауданында (автокөліктер), Чаоян ауданында (автобөлшектер) көрме орталығында өтеді. Көрме алаңдарының жалпы ауданы 220 мың ш. м.

Биыл ҚХР Auto China 2024 автокөрмесін әлемдегі ең ірі автоэкспорттаушы дәрежесінде өткізеді. 2023 жылдың қорытындысы бойынша, Қытай автоэкспорттау жағынан Жапонияны басып озды. Екі елдің Ұлттық автокөлік ассоциацияларының деректеріне сәйкес, Жапония 2023 жылы 4,42 миллион, ал Қытай - 4,91 миллион көлік экспорттаған.

Auto China автокөрмесі алғаш рет 1990 жылы өткізілді. Ол Бейжіңде екі жылда бір рет тұрақты түрде өтеді. 2022 жылы коронавирусқа байланысты көрме өткізілмеді. Биылғы автокөрмені Қытай машина жасау өнеркәсібі федерациясы, Қытай машина жасау корпорациясы, Қытай халықаралық сауда палатасы және Қытай автокөлік өнеркәсібі ассоциациясы бірлесіп өткізеді. Көрме барысында автоөндірушілердің қатысуымен 196 баспасөз мәслихаты өтеді деп жоспарланған.

Көрмеге Қазақстан тарапынан «Астана Моторс» пен Orbis Auto командалары барған. Айта кетейік, «Астана Моторс» BYD, Changan, Chery,  TANK, Haval, Golden Dragon (автобустар), Foton (жүк көліктері) брендтерін ұсынады. Ал Orbis Auto EXEED, ZEEKR, Kaiyi сынды брендтердің ресми дистрибьюторы.

Ұқсас материалдар