Биыл фермерлерге 750 млрд теңге бөлінеді: қаржыландыру көлемі 5 есеге артқан
Қазақстанда 2026 жылғы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына кемінде 750 млрд теңге бөлінеді.
Бұл туралы Үкімет отырысында «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің басқарма төрағасы Рустам Карагойшин мәлімдеді.
Оның айтуынша, қаржы «Кең дала 2» бағдарламасы аясында жеңілдетілген несие түрінде беріледі. Бағдарлама бойынша фермерлер 18 айға дейінгі мерзімге жылдық 5 пайызбен несие ала алады.
Сонымен қатар, Аграрлық несие корпорациясы қаржыландырудың қолжетімділігін арттыру үшін қайта несиелеу мерзімін 36 айға дейін ұзартқан. Бұл шаруаларға құжаттардың толық пакетін қайта тапсырмай-ақ қосымша қаржы алуға мүмкіндік береді.
Биыл өтінімдерді қабылдау өткен жылдың қазан айында басталған. Қараша-желтоқсан айларында ерте қаржыландыру аясында 148 млрд теңге бөлінсе, қазіргі таңда берілген несиенің жалпы көлемі 534 млрд теңгеден асқан.
«Бәйтерек» холдингінің мәліметінше, бөлінетін қаражат 9 мыңға жуық ауыл шаруашылығы кәсіпкерін қамтып, шамамен 9 млн гектар жерді игеруге мүмкіндік береді.
Рустам Карагойшиннің айтуынша, 2023 жылмен салыстырғанда көктемгі егіс пен егін жинауға бөлінетін қаржы көлемі бес есе ұлғайған. Қазіргі кезде несиелер тек Аграрлық несие корпорациясы арқылы ғана емес, екінші деңгейлі қаржы институттары арқылы да беріліп жатыр. Бүгінде барлық несиенің шамамен 72 пайызы осы қаржы ұйымдары арқылы рәсімделген.





