Өзекті пікір
Біз қосымша құн салығын 20 пайызға дейін көтеруге қарсымыз - Райымбек Баталов
Баталовтың жазуынша салық реформасы Қазақстанның бүкіл бизнес қауымдастығы үшін маңызды. Осыған орай «Атамекен» ҰКП-ның кезекті кеңейтілген отырысы өтіп, 800-ден астам бизнес өкілдері жаңа Салық кодексінің жобасына қатысты өз мәселелерін айтып, ойларын ортаға салған.
"Аталмыш сала жүйесін жетілдіру қажеттілігі әлдеқашан туған. Біз Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ретінде бұл реформаны қолдаймыз. Тек бюджетті толтырып қана қоймай, сонымен қатар, ең бастысы микро және шағыннан бастап ортадан іріге дейін барлық көлемдегі бизнестің өсуін ынталандыру қажет. Бізде әр аймақта кәсіпкерлікті жылдам дамыту үшін орасан зор әлеует бар! Мен Ұлттық палата атынан мәселеге егжей-тегжейлі назар аударудың маңыздылығын атап өткім келеді. Кейбір проблемалар мұқият қарауды қажет етеді және біз Үкіметпен сындарлы және қарқынды диалог жүргізудеміз. Біздің мақсатымыз Мемлекет басшысының Салық кодексін оңайлату және бизнеске тең жағдай жасау ұстанымымен үндес. Бұл өз кезегінде ел экономикасының өсуіне ықпал етеді. Бизнес-қоғамдастықта қызу талқыланатын тақырыпқа – ҚҚС мөлшерлемесіне ерекше назар аударғым келеді. Біз мөлшерлеменің көтерілуін есептеулер арқылы негіздеу керек деп есептейміз және бір реттік 20 пайызға дейін көтеруге қарсымыз. Біз 15 миллионға қарсымыз! Бизнестің кірістілігі мен өсуіне әсер ететін салдарларды ескеру маңызды", дейді Р.Баталов.
Ол сондай-ақ Ұлттық палата Үкіметпен бірлесе отырып, барынша тиімді және теңгерімді шешімдерді әзірлеу мақсатында қажетті қаржылық-экономикалық есептеулерді жүргізіп жатқанын атап өткен.
"Бизнес-қауымдастықты реформалау үдерісіне толықтай тарту үшін біз арнайы бюллетень әзірледік, онда Ұлттық палата қазірдің өзінде комитеттер мен өңірлік кеңестерден ұсыныстар жинап жатыр. Бұл ақпараттық бюллетень барлық мүшелерге өзекті ақпаратты алуға және негізделген шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді. Әріптестер, салық реформасына қатысты ұстанымымызды тыңдау үшін біз дәйекті әрі сындарлы әрекет етуіміз керек. Мен барлық салалық комитеттерді, өңірлік кеңестерді, қауымдастықтар мен, әрине, кәсіпкерлерді салық реформасы бойынша ұсыныстарды қалыптастыру үдерісіне белсендірек қатысуға шақырамын", дейді Райымбек Баталов.