
Премьер-министр Олжас Бектенов Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Бәйтерек» ұлттық басқару холдингі арқылы бизнеске 12,6 пайызбен 8 трлн несие бөлінетінін айтты.
Сенатор Евгений Больгерттің сұрағына жауап берген Үкімет басшысы экономиканың өсімін қамтамасыз ету үшін «Бәйтерек» ҰБХ арқылы арзандатылған несие бөлінетінін еске салды.
«Үкімет «Бәйтерек» арқылы үлкен бағдарламаны іске қосты. Былтыр «Бәйтеректің» тетіктері арқылы экономикаға шамамен 4 трлн теңге бөлінсе, биыл ұлттық басқарушы холдингтің алдына экономикаға 8 трлн теңгеден кем емес ақша құю міндеті қойылды. Ол үшін біз «Бәйтерек» холдингінің капиталына 1 трлн теңге қосамыз. Бюджет мүмкіндіктерінің шектеулі екенін ескерсек, бұл міндет аса күрделі. Бірақ орындауға болады», – деді ол.
Премьер-министр бұл тәсіл Ұлттық банк жоғары базалық мөлшерлеме бекітіп отырғанына қарамастан, бизнесті арзандатылған қаржымен қамдауға мүмкіндік беретінін айтады.
«Біздің пайымдауымызша, 20 пайыз мөлшерлемемен несие алу айтарлықтай қиын. Ондай борышқа қызмет көрсету ауыр болады. Сондықтан біз оны 12,6 пайызға дейін арзандатып отырмыз», – деді Олжас Бектенов.