Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) блогер Қайсар Қамзаға халықаралық іздеу жариялады.
1995 жылы туған Қазақстан азаматына қатысты сот «қамауда ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялаған.
Тергеу дерегінше, күдікті заңсыз ойын бизнесіне жәрдемдесті деген күдікке ілінген. Ол соңғы бес жыл бойы Instagram желісіндегі qais_arr аккаунты (2,4 млн жазылушы) арқылы белсенді блогерлік қызмет атқарып, сондай-ақ Telegram-дағы «Қора энтертейнмэнт» жабық арнасын басқарған.
ҚМА мәліметінше, Қайсар Қамза әлеуметтік желілердегі парақшаларын пайдаланып, қазақстандықтарды «Pinco» сайтында тіркелуге және құмар ойындарға қатысуға шақыратын сілтемелер мен жарнамалық материалдарды жүйелі түрде жариялаған. Сонымен қатар бейнематериалдарында жеке промокодын көрсетіп, пайдаланушыларға бонус уәде еткен.
Тергеу нұсқасына сәйкес, ол ойын платформасынан сыйақы, бонустар және пайыздық аударымдар түрінде табыс алып, заңсыз кірістерді жасыру үшін криптоәмиян пайдаланған. Сот санкциясымен 182 736,741 USDT көлеміндегі криптоактивтерге тыйым салынды.
ҚМА азаматтардан іздеуде жүрген тұлғаның орналасқан жері туралы ақпарат болса, агенттікке хабарласуды сұрайды.





