Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Дроппер де алаяқ, олардың қақпанына қалай түспеуге болады?

Дроппер де алаяқ, олардың қақпанына қалай түспеуге болады?
Соңғы уақытта дроп немесе  дропперлер туралы жиі айтылып жүр. Оған қосылу арқылы адамдар қаржы алаяқтарының құралына айналады. Құқық қорғау ұйымдары, қаржы ұйымдары олардың қатарына қосылмау туралы жиі ескертіп жүр. Бүгін ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі тағы да арнайы ескерту таратты. 

Жоғары жалақы ұсынатын хабарландырудан сақ болыңыз!
Жұмысқа орналастарда үміткерге ең төменгі талаптар қойып, жоғары жалақы ұсынатын хабарландыруларды көбінесе алаяқтар жібереді. Олар банктік шоттардан ұрланған ақшаны аударатын адамдарды іздейді. Делдалдар немесе дроптарға қолды болған ақшаның бір бөлігі ұсынылады. Осылайша олар қылмыстық құқық бұзушылыққа қатысады.

Дроп немесе дроппер - (ағылшынша drop) – банктік шоттарды пайдалана отырып, алаяқтық жасауға сыбайлас болатын үшінші тұлға.

Дроптар интернет-алаяқтарға – «тауарды алдын ала төлем арқылы сату» схемасы сынды айласын іске асыру үшін керек.  Кей жағдайда дропты жалған интернет-дүкеннің бас директоры етіп тағайындайды. Мұндай дүкеннің растаушы құжаттары, фишингтік сайты, тұтынушылардың пікірлері де болады. Клиенттерден өтінім келіп түскеннен кейін алаяқтар тауар үшін алдын ала төлем сұрайды, клиенттер оларға тауардың ақшасын жібереді, нәтижесінде ақша да тауар да жоқ болып шығады. Содан кейін дүкен жабылады. Бұл ақшаны қайтару мүмкін емес дегенді білдіреді. Осы ретте, осы істі  ұйымдастырған алаяқтар табылмайды, ал дүкен директоры – дроппер қаскүнемдердің өзін пайдаланып кеткенін білмеуі де мүмкін.

Алаяқтар дроптарды курьер ретінде де жиі пайдаланады.  Олар бос жұмыс орны туралы хабарландыруды жұмыс беру сайттарына орналастырады. Керек кандидат табылған кезде, алаяқтар одан «қауіпсіздік тексеруінен өту» үшін жеке басын куәландыратын құжатының көшірмесін, ал кейде «жалақы аудару үшін» деген сылтаумен, төлем картасының сканерленген көшірмесін жіберуді сұрайды. Содан кейін алаяқтар қайта хабарласпай, ғайып болады. Ал деректерін жіберген адамның құжаттары мен карточкасын алаяқтық жасау үшін пайдаланады.

Кеңес: Құжаттарыңызды ешқашан және басқа да жеке деректеріңізді, оның ішінде төлем карточкаларының деректерін, кілт сөздерді бөтен адамдарға жібермеңіз.

Әдетте, дропперлер жылдам әрі жеңіл ақша табуға ниетті, ақшаға өте мұқтаж және кез-келген жұмысқа келісетін адамдар болады. Алаяқтар мұны жақсы біледі және пайдаланады. Сондықтан олар көбінесе дропперлікке студенттерді, жұмыссыздарды, мүмкіндігі шектеулі топтардың өкілдерін, соның ішінде қарттарды тартуға тырысады. Алаяқтық жасауға қатысқан дропперлер заң бойынша жауапқа тартылады.

Ұқсас материалдар