Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Елімізде игерілмеген қаржы көлемі жоғары министрліктер қайсы?

Елімізде игерілмеген қаржы көлемі жоғары министрліктер қайсы?
 2024 жылы тиімсіз пайдаланылған бюджет қаражаты мен активтер көлемі 2 есеге жуық өсті. Бұл туралы Мәжіліс төрағасының орынбасары Дания Еспаева мәлім етті.

  –  2024 жылғы республикалық бюджет орындалды және оны орындау күрделі экономикалық жағдайларда жүзеге асырылды. Үкіметтің негізгі міндеті – бюджетті сапалы қалыптастыру, тиімді орындау және әкімшілендіру. Бірақ тәжірибе көрсеткендей, бюджетті іске асыру әрдайым оның тиімді орындалуымен қатар жүре бермейді. Өкінішке қарай, депутаттық корпус бюджетті орындау кезінде Үкімет тарапынан жол берілетін проблемалар туралы үнемі айтып келеді, бұл тіпті үйреншікті жағдайға айналды. Бюджетті орындауға қатысты мына мәселелерді жыл сайын айтуымызға тура келеді. Біріншіден, дефицит көлемі едәуір үлкен, ол жылдан жылға өсіп жатыр және бюджет кірісі есебінен емес, Ұлттық қордан берілетін трансферттер есебінен жабуға алып келеді. Екіншіден, мемлекеттік қарыз мөлшері ұлғайып отыр. 2024 жылы да солай болды, – деді Д. Еспаева Парламент Мәжілісінде 2024 жылғы бюджеттің атқарылуы туралы Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның есебін талқылау кезінде.

Оның айтуынша, мемлекеттік қарыз 2023 жылғы деректермен салыстырғанда 17,2 пайызға өсті. 

– Үшіншіден, тиімсіз пайдаланылған қаражат көлемі жоғары деңгейде қалып отыр. Жоғары аудиторлық палатаның деректері бойынша 2024 жылы тиімсіз пайдаланылған бюджет қаражаты мен активтер көлемі 2 есеге жуық өсті (2023 жылы –  250,2 млрд теңге, 2024 жылы – 475 млрд теңге). Ал, анықталған талаптарды бұзудың жалпы көлемі 862 млрд теңгені (2023 жылы – 523 млрд теңгені) құрады. Төртіншіден, 2024 жылдың ішінде бюджет 12 рет түзетілді, бұрын-соңды мұндай көп түзету болмаған (2020 жылы — 5 рет, 2021 және 2022 жылдары –  9 рет, 2023 жылы –  7 рет). Бұл жоспарлау сапасының төмен екенін көрсетеді, – деді депутат.

Сонымен қатар Д. Еспаева квазимемлекеттік сектор қызметінде бюджетке тәуелді болуы, айтарлықтай борыштық міндеттемелер сияқты проблемалар үнемі орын алып келеді. 

«2024 жылдың қорытындысы бойынша шамамен 92 млрд теңге игерілмеген. Осы жылы Қаржы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Көлік министрліктерінде игерілмеген қаржы көлемі жоғары болды, олардың әрқайсысы 20 млрд теңгеден артық игермеген. 2024 жылы шығыстар құрылымында халықты әлеуметтік қолдауға, мемлекеттік қарызға қызмет көрсету мен өңірлерге қаржылық көмек беруге шығыстар көбірек жұмсалған. Көріп отырғанымыздай, мұндай шығыстар құрылымы ел экономикасын дамытуға бағытталмаған. 2024 жылы жоғарыда аталған проблемаларға барлық бөлімдер бойынша (салық, салыққа жатпайтын, трансферттер) бюджеттің кіріс бөлігінің орындалмауы және соның салдарынан бюджеттен жеткіліксіз қаржыландырылу (шамамен 422 млрд теңге) проблемасы да қосылды», –  деді Мәжіліс төрағасының орынбасары.

Ұқсас материалдар