Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді дизель отынымен қамтамасыз ету шараларын жалғастыруда.
Қазіргі уақытта жанар-жағармай жеткізілімі бекітілген кестеге сай жүзеге асырылып, ведомствоның тұрақты бақылауында тұр.
Жыл басында Энергетика және Ауыл шаруашылығы министрліктері бірлесіп, егіс науқанына жалпы көлемі 402 мың тонна дизель отынын жеткізу кестесін бекіткен болатын. Бұл жеткізілімдер ағымдағы жылдың 1 ақпаны мен 30 маусымы аралығында толықтай орындалады.
Энергетика министрлігі бекіткен дизель отынының бастапқы бағасы өңірлердегі жеткізу станцияларына дейін (ҚҚС-ты есепке алғанда) литріне 263 теңгені құрайды.
Жеткізу шығындарын есептей отырып, соңғы бағаны өңірлік операторлар нақтылайды. Дегенмен бұл құн литріне 281 теңгеден аспауға тиіс. Бұл көрсеткіш еліміздегі орташа бөлшек сауда бағасынан 49 теңгеге немесе 15 %-ға төмен.
Жеңілдетілген бағамен берілетін отынның бөліну ашықтығын арттыру және оның заңсыз айналымына тосқауыл қою мақсатында елде бірнеше маңызды бақылау механизмі енгізілді:
- Түстік маркалау: Зауыттан шыққан дизель отыны арнайы сары, көк және қызыл түстерге боялады. Бұл оның базардағы қарапайым отыннан бірден ажыратылуын қамтамасыз етеді.
- Жеке ПИН-кодтар: Әрбір партияға және қабылдаушыға арнайы сәйкестендіру кодтары беріледі.
- Цифрлық қадағалау: Электрондық шот-фактуралар жүйесінде дизель отынының қозғалысын бақылайтын жеке «виртуалды қойма» құрылды.
Қабылданған осы кешенді шаралар дизель отынын мақсатсыз пайдалану және оны сыртқа заңсыз шығару көлемін айтарлықтай азайтуға мүмкіндік берді.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, нарықтағы нақты тұтыну көлемі 729 мың тоннадан 602 мың тоннаға дейін төмендеп, 21 %-ға қысқарған. Бұл мемлекеттік қолдаудың мақсатты түрде тек диқандардың қолына жетіп жатқанын дәлелдейді.
Министрлік ауыл шаруашылығы еңбеккерлерін жанар-жағармаймен үздіксіз қамтамасыз ету мәселесін соңғы мерзімге дейін ерекше қадағалауда ұстайтынын хабарлады.





