
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Мемлекет басшысына қаржы реттеушінің 2024 жылы атқарған жұмысы туралы есеп беріп, 2025 жылға арналған негізгі жоспарларды таныстырды. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.
Сүлейменовтің айтуынша, Ұлттық банк Үкіметпен бірлесе отырып қабылдаған шаралардың нәтижесінде инфляцияны тежеуде нақты нәтижелерге қол жеткізілген.
«Ұлттық банк Үкіметпен бірге өзара күш біріктіре алды. Соның арқасында 2023 жылы 9,8% болған инфляцияны 2024 жылы 8,6%-ға дейін төмендете алдық», – деп атап өтті Сүлейменов.
Ұлттық банк төрағасының дерегінше, Қазақстанның халықаралық резервтері 104,7 млрд долларға жетіп, жаһандық тұрақсыздық жағдайында сенімді макроэкономикалық буферге айналған. Оның ішінде алтын-валюта резервтері 45,8 млрд долларға дейін, яғни 27,5%-ға өскен.
«Өйткені алтынмен операциялар жүргізіліп, инвестициялық табыс жоғары болды. Бүгінгі таңда олардың көлемі рекордтық 52,3 млрд долларға жетті», – деді Ұлттық банк төрағасы.
Ұлттық қордың активтері 58,8 млрд долларды құраса, қордағы валюталық портфельдің кірістілігі 7,6%-ға жеткен. 2024 жылдың өзінде Ұлттық қор есебінен инфрақұрылымдық жобаларға 238 млрд теңге бөлінген.
БЖЗҚ-дағы зейнетақы активтері де өсім көрсеткен. Бір жыл ішінде бұл көрсеткіш 25,9%-ға артып, 22,4 трлн теңгеге жеткен. Инвестициялық табыс — 3,4 трлн теңге, бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп. Зейнетақы активтерінің кірістілігі — 17,8%.
Сүлейменов цифрлық қаржы инфрақұрылымын дамыту бағытындағы бастамаларға да тоқталды.
«Елдегі қолма-қол ақшасыз айналымның 90%-ға жуығы Ұлттық банктің төлем жүйелері арқылы жүргізіледі. Мемлекеттік қаражаттың тиімді әрі ашық жұмсалуын қамтамасыз етуге бағытталған пилоттық жобалар Цифрлық теңге платформасында жүзеге асырылып жатыр», — деп атап өтті ол.
Бұдан бөлек, телефон нөмірі мен QR-код арқылы жасалатын аударымдарға арналған банкаралық жүйе іске қосылып, оған барлық банктер қосыла бастаған. Сонымен қатар цифрлық қаржы активтері нарығын құқықтық реттеу үшін заңнамалық база қалыптастырылып жатыр.
«Биылғы жылдың екінші жартысында арнайы «сынақ» режиміне көшеміз. Онда біз шектеулі әрі реттелетін ортада қаржы активтерін, нақты активтерді және басқа да құралдарды қауіпсіз ету бойынша бірнеше жобаны іске қосып көрмекпіз», — деді Сүлейменов.
Мысал ретінде, ол қымбат бағалы металдардың цифрлық баламасын шығару жобасын атап өтті. Ал дебиторлық берешекті қауіпсіз ету (факторинг) шағын және орта бизнес үшін айналым капиталын тартуға мүмкіндік береді. Теңгемен қамтамасыз етілген стейблкоин - цифрлық активтермен жасалатын операциялар үшін қауіпсіз есеп айырысу құралына айналуы мүмкін.
Кездесу қорытындысы бойынша Президент бірнеше басым бағытты айқындап берді. Олардың қатарында инфляцияны тежеу, халықаралық резервтерді ұлғайту, қаржы жүйесіне деген сенімді арттыру және цифрлық инфрақұрылымды дамыту бар. Сонымен бірге, цифрлық қаржы активтерін құқықтық тұрғыда реттеу жұмыстарына ерекше назар аударылды.
Сүлейменовтің айтуынша, бүгінде қол жеткізілген нәтижелер – Ұлттық банктің кәсіби ұжымының жүйелі әрі үйлесімді жұмысының жемісі.
«Осы күнгі нәтиженің бәрі — Ұлттық Банкте қызмет ететін үлкен ұжымның қажырлы еңбегінің арқасы. Сол үшін әр қызметкерге кәсібилігі, қоғамға сіңіріп жатқан еңбегі және нәтиже шығаруға атсалысқаны үшін алғыс айтқым келеді. Осы білікті командамен алға қарай жылжи береміз!», – деп қорытындылады Ұлттық банк төрағасы.