Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Халықаралық валюта қоры Қазақстан экономикасының тұрақтылығына оң баға берді

Халықаралық валюта қоры Қазақстан экономикасының тұрақтылығына оң баға берді

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) Қазақстан бойынша миссиясының басшысы Амина Ларешпен кездесу өткізді. Тараптар ел экономикасының қазіргі ахуалын, жүргізіліп жатқан реформалардың нәтижесін және алдағы даму бағыттарын талқылады.

Кездесу барысында ХВҚ сарапшыларының Қазақстан экономикасына қатысты жүргізген талдауының алдын ала қорытындылары қаралды. Премьер-министр халықаралық қаржы ұйымымен әріптестіктің маңызын атап өтіп, қордың сараптамалық қолдауы экономикалық саясатты жетілдіруге ықпал етіп отырғанын айтты.

Олжас Бектеновтің сөзінше, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес елде экономиканы жаңғыртуға бағытталған кешенді реформалар жүзеге асырылуда. Жаңа Конституциялық өзгерістер де тұрақты әрі әртараптандырылған экономиканы дамытуға негіз қалап отыр.


Өз кезегінде Амина Лареш Қазақстан экономикасында оң үрдістер байқалып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, мұнай секторына тәуелділікті азайту бағытында қабылданған шаралар нәтиже беріп, өңдеу өнеркәсібі, көлік, құрылыс және қызмет көрсету салалары экономикалық өсімнің жаңа драйверлеріне айналып келеді.

ХВҚ өкілдері еліміздегі макроэкономикалық тұрақтылықты сақтау және инфляцияны төмендету бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға да жоғары баға берді. Әсіресе Үкімет, Ұлттық банк және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің бірлескен іс-қимылы экономиканың тұрақты дамуына ықпал етіп отырғаны айтылды.

Қор сарапшылары төлем балансының жақсарғанын, экономиканың сыртқы сын-қатерлерге төзімділігінің артқанын және ақша-несие саясатының тиімділігін ерекше атап өтті. Сонымен қатар инфляциялық тәуекелдерді одан әрі төмендету, салықтық әкімшілендіруді жетілдіру және квазифискалдық саясатты күшейту жөнінде бірқатар ұсыныстар берілді.

Кездесу қорытындысында тараптар өзара ынтымақтастықты жалғастыруға ниетті екенін растады. ХВҚ әзірлеген ұсынымдар мемлекеттік органдар деңгейінде қаралып, экономикалық реформаларды жетілдіру барысында ескерілетін болады.

Сарапшылардың бағалауынша, Қазақстан экономикасы мұнай секторына тәуелділікті біртіндеп азайтып, тұрақты әрі әртараптандырылған даму моделіне қарай бет алып келеді.

Ұқсас материалдар