Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

iPhone-ның 20 жылдығына орай Apple бірқатар жаңа өнім ұсынбақ

iPhone-ның 20 жылдығына орай Apple бірқатар жаңа өнім ұсынбақ

Apple компаниясы әлемге әйгілі iPhone смартфонының 20 жылдығына орай 2027 жылы бірнеше жаңа өнімді таныстыруды жоспарлап отыр.

Бұл туралы компанияның жоспарымен таныс дереккөздерге сілтеме жасаған Bloomberg агенттігі хабарлады.

Ақпаратқа сәйкес, Apple қазіргі уақытта төрт жаңа iPad Pro моделін сынақтан өткізіп жатыр. Жаңа планшеттер 2027 жылдың көктемінде сатылымға шығуы мүмкін. Құрылғылардың сыртқы өлшемдері сақталғанымен, техникалық сипаттамалары айтарлықтай жаңарып, қуатты процессорлармен жабдықталады.

Сонымен қатар компания қолжетімді бағадағы MacBook Pro ноутбугының жаңартылған нұсқасын әзірлеуде. Ол да 2027 жылдың алғашқы жартысында таныстырылады деп күтілуде. Ал жоғары санаттағы үлгілер сенсорлы экранмен жабдықталуы мүмкін.

Сондай-ақ Apple жаңа буындағы M7 процессорын таныстыруды жоспарлап отыр. Ол алдыңғы M6 чипімен салыстырғанда жасанды интеллектке негізделген күрделі есептеулерді тиімдірек орындауға мүмкіндік береді деп күтіледі.

Bloomberg мәліметінше, 2027 жыл Apple үшін жаңа өнімдерге ең бай кезеңдердің бірі болуы ықтимал. Компания мерейтойға орай жаңа буын iPhone, екінші буындағы бүктелетін iPhone, алғашқы ақылды көзілдірік және «ақылды үйге» арналған құрылғыларды ұсынуды көздеп отыр.

Алғашқы iPhone смартфонын компанияның негізін қалаушы Стив Джобс 2007 жылғы 9 қаңтарда таныстырған болатын. Құрылғы АҚШ-та сол жылдың 29 маусымында сатылымға шықты. Осыған байланысты смартфонның 20 жылдық мерейтойы 2027 жылдың жазында аталып өтеді.

Бұған дейін Apple басшылығы бүктелетін iPhone модельдерінің бағасы жоғары болуы мүмкін екенін меңзеген еді. Бұған әлемдік нарықтағы чиптерге сұраныстың артуы мен өндіріс шығындарының өсуі себеп болып отырғаны айтылған.

Ұқсас материалдар