Қазақстанда ипотекалық қарызды өтеу үшін артық зейнетақы жинағын пайдалану ережелері өзгерді. Бұл туралы «Отбасы банк» хабарлады.
Жаңа тәртіпке сәйкес, біржолғы зейнетақы төлемдері (БЗТ) тек ипотеканың негізгі қарызын өтеуге – ішінара немесе мерзімінен бұрын толық жабуға ғана бағытталады. Ал пайыздар, айыппұлдар, өсімпұлдар және өзге де қосымша төлемдер қарыз алушының жеке қаражаты есебінен төленуі тиіс.
Банк мәліметінше, бұрынғыдай ай сайынғы ипотекалық төлемді толықтай зейнетақы жинағы есебінен өтеу мүмкіндігі жойылды.
Өзгерістерге байланысты техникалық жұмыстар жүргізіледі. Осыған орай, ипотеканы өтеу үшін БЗТ пайдалану жөніндегі өтінімдер 2026 жылғы 30 қаңтардан 31 қаңтарға қараған түні тоқтатылып, 2 наурыздан бастап қайта қабылданады. 30 қаңтарға дейін берілген өтінімдер бұрынғы ережелер бойынша қаралады.
Сонымен қатар enpf-otbasy.kz платформасы арқылы зейнетақы жинағының артығын пайдалану тәртібі және тұрғын үй жағдайын жақсартуға арналған басқа мақсаттар өзгеріссіз сақталады.





