
Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кеңесте елдің азық-түлік қауіпсіздігі талқыланды.
Азық-түлік қауіпсіздігі екі бағытта қамтамасыз етіледі: өнімнің физикалық қолжетімділігіне Ауыл шаруашылығы министрлігі, ал экономикалық қолжетімділігіне Сауда және интеграция министрлігі жауапты. Бұл міндеттер АӨК-ті дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында және 2028 жылға қарай ауыл шаруашылығы өнімін екі еселеуді көздейтін Жол картасында нақтыланған.
Ауыл шаруашылығындағы өсім
2021–2024 жылдары ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 11,3%-ға өсіп, 8,3 трлн теңгеге жетті. Оның ішінде өсімдік шаруашылығы 14%-ға, мал шаруашылығы 5,6%-ға артты. 2025 жылдың алғашқы жартысында өсім 3,7%-ды құрады.
Биыл егіс алқабы 23,6 млн гектарға дейін кеңейді. Әлеуметтік маңызы бар майлы дақылдар мен картоп егісі ұлғайып, ет, сүт, құс еті мен жұмыртқа өндірісі көбейді. 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында ет өндіру 529,9 мың тоннаға, сүт 1,8 млн тоннаға жетті.
Инвестициялық жобалар
Импортқа тәуелділікті азайту үшін жаңа жобалар іске қосылуда. Соңғы үш жылда қуаттылығы 144 мың тонна болатын 17 құс фабрикасы ашылды. 2028 жылға дейін тағы 41 кәсіпорын іске қосылып, құс еті бойынша ел толық өзін-өзі қамтамасыз етеді. Сүт өндірісінде де ауқымды жобалар қолға алынуда: 2019 жылғы 19 сүт фермасының орнына бүгінде 69 ферма жұмыс істейді, тағы 47-сі салынуда.
Бағаны тұрақтандыру
Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, биыл әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының өсу қарқыны бәсеңдеді: шілдеде 0,4%, ал тамыздың екі аптасында небәрі 0,1%. Қазақстанда 15 негізгі азық-түлік өнімінің бағасы ЕАЭО елдері арасында ең төмен деңгейде тіркелген.
Бағаны ұстап тұру үшін мемлекет фермерлерге тегін сауда орындарын ұсынып, жәрмеңкелер өткізуде. Сонымен қатар, заңнамаға өзгерістер енгізіліп, отандық өнімдерге басымдық берілмек.
Үкіметтің тапсырмасы
Кеңес барысында тарифтердің инфляцияға әсері де қаралды. Қорытындысында Серік Жұманғарин жергілікті өніммен халықты қолжетімді бағамен қамтамасыз етуге бағытталған шараларды жеделдетуді тапсырды.