Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Қазақстан АХҚО сотының «Газпром» мен «Нафтогаз» дауына қатысты шешімін орындамайды

Қазақстан АХҚО сотының «Газпром» мен «Нафтогаз» дауына қатысты шешімін орындамайды

Қазақстан Астана халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) сотының «Газпром» мен «Нафтогаз» арасындағы дауға қатысты шығарған бұйрығын ел аумағында орындамайды.

Бұл туралы Әділет министрі Ерлан Сарсембаев мәлімдеді. Министрдің айтуынша, АХҚО сотының шешімі Швейцарияда қабылданған арбитраждық шешімді тануға қатысты болғанымен, ол жауапкердің қатысуынсыз, біржақты тәртіпте шығарылған және әлі заңды күшіне енбеген.

Ерлан Сарсембаев жауапкер белгіленген мерзім ішінде аталған шешімнің күшін жою туралы өтініш бере алатынын атап өтті. Одан кейін іс екі тараптың қатысуымен қайта қаралуы тиіс.

– Бұл кезеңде қандай да бір орындау туралы айту ерте, – деді министр.

Оның сөзінше, Қазақстан құқықтық байланысы жоқ шешімдерді орындау алаңына айналмайды. Министр бұл дауда АХҚО сотының юрисдикциясын негіздейтін құқықтық тетіктер жоқ екенін айтты. Атап айтқанда, «Газпром» АХҚО қатысушысы болып саналмайды, мәміле орталық аумағында жасалмаған және тараптар дауды осы сотқа беру жөнінде келісім бекітпеген.

Сарсембаев Конституциялық заң талаптарына сәйкес, АХҚО сотының юрисдикциясы тек орталыққа қатысы бар немесе тараптардың өзара келісімімен қарауға берілген дауларға ғана қолданылатынын еске салды.

Сонымен қатар министр Қазақстан Нью-Йорк конвенциясына қатысушы мемлекет болғанымен, шетелдік арбитраж шешімдерін тану мен орындау әр елдің ішкі процессуалдық нормаларына сай жүзеге асатынын айтты. Қазақстанда бұл тәртіп Азаматтық процестік кодекстің 503-бабымен реттеледі.

Еске салсақ, «Газпром» мен «Нафтогаз» арасындағы дау 2019 жылғы газ транзитіне қатысты келісімнен басталған. 2025 жылы Швейцариядағы арбитраж «Газпромды» 1,4 млрд доллар көлеміндегі қарызды өтеуге міндеттеген болатын.

Әділет министрлігі қазіргі уақытта шетелдік арбитраж шешімдерін тану және орындау тәртібін нақтылайтын заңнамалық өзгерістер әзірлеп жатқанын хабарлады.

Ұқсас материалдар