Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Қазақстан мен Қытай тауар айналымын $100 млрд-қа жеткізуді көздейді

Қазақстан мен Қытай тауар айналымын $100 млрд-қа жеткізуді көздейді
коллаж: ЖИ

Қазақстан Қытаймен арадағы сауда көлемін $100 млрд-қа жеткізіп, көлік дәліздерін дамытуды жеделдетуді және жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуді жоспарлап отыр. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдың «Синьхуа» агенттігіне берген сұхбатында айтты.

2025 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 11%-ға өсіп, $50 млрд-қа жуықтады. Ал 2026 жылдың алғашқы жартысында бұл көрсеткіш $27,2 млрд-қа жетіп, былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда шамамен төрттен бірге артты. Қытай Қазақстанның сыртқы сауда серіктестері арасында бірінші орында тұр.

Қазақстан сауда көлемін арттырып қана қоймай, оның құрылымын өзгертуді де көздейді. Президенттің айтуынша, екі ел негізінен шикізатқа сүйенетін модельден өнеркәсіптік және технологиялық кооперацияға біртіндеп көшуі қажет. Бұл бірлескен өндірістер ашуды, шикізатты терең өңдеуді, қосылған құны жоғары өнім шығаруды және технологиялар трансферін қамтиды.

Қазақстанда 9 мыңнан астам қытайлық компания жұмыс істейді

Елімізде Қытай капиталының қатысуымен 9 мыңнан астам компания тіркелген. Бұл Қазақстандағы әрбір жетінші шетелдік кәсіпорынға жуық. Өнеркәсіптік ынтымақтастық портфеліне жалпы құны $62 млрд-тан асатын 260 жоба кіреді.

Автомобиль жасау қарқынды дамып келе жатқан бағыттардың біріне айналды. Қазақстанда BYD, Howo, Yutong, Golden Dragon, Shacman, JAC және Jetour маркаларының көлік құралдары шығарылады. 2025 жылы Changan, Great Wall Motor және Chery автомобильдерінің сериялық өндірісі де басталды.

Қытайлық компаниялар металлургия кәсіпорындарын, соның ішінде Qarmet өндірістік қуаттарын жаңғыртуға қатысып жатыр. Жаңартылатын энергетика саласында жалпы қуаты шамамен 1,5 ГВт болатын 29 бірлескен жоба іске асырылды. Қуаты 1,7 ГВт-тан асатын тағы 11 жоба жүзеге асырылу кезеңінде тұр.

Жаңа инвестициялық бастамалар 2026 жылғы 25 қыркүйекте Алматыда өтетін «Қазақстан – Қытай» форумында талқыланады.

Қазақстан Еуразияның көлік хабына айналуды көздейді

Қытайдан Еуропаға бағытталған құрлықтағы транзиттік жүктің шамамен 85%-ы Қазақстан арқылы өтеді. 2025 жылы трансшекаралық теміржол тасымалының көлемі 35 млн тоннадан асты. Автомобиль көлігімен 8 млн тоннаға жуық жүк тасымалданды. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 40%-ға көп.

Тоқаев негізгі инфрақұрылымдық жобалардың қатарында Арал – Каспий магистралін, Достық – Алашанькоу теміржолының екінші желісін және Аягөз – Тачэн бағытын атады.

Арал – Каспий магистралі шығыстан батысқа қарай тасымалдау өткізу қабілетін екі есе арттырып, жүктердің Қазақстан аумағынан өту уақытын бес тәуліктен үш тәулікке дейін қысқартуы тиіс. Достық – Алашанькоу екінші желісі шекаралық өткелдің өткізу мүмкіндігін екі есе ұлғайтады. Ал Аягөз – Тачэн теміржолы жылына қосымша 20 млн тоннаға дейін жүк тасымалдауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Қазақстан мен Қытай Орта дәлізді дамытып, «ақылды кеден», электронды құжат айналымы және шекаралық рәсімдерді автоматтандыру жүйелерін енгізіп жатыр. Логистикалық желіге Ляньюньгандағы терминал, «Қорғас – Шығыс қақпасы» құрғақ порты, Сиань мен Алматыдағы терминалдар, Ақтаудағы контейнерлік хаб және Чэндуда салынып жатқан жүк терминалы кіреді.

Президенттің пікірінше, Қазақстан қарапайым жүк транзитінен логистика, өңдеу, өндіріс, электронды сауда және заманауи сервистерді қамтитын экономикаға көшуі қажет.

Жасанды интеллект жаңа өсім нүктесіне айналады

Тоқаев өнеркәсіп пен тау-кен саласында жасанды интеллектіні қолдануды, робототехниканы, цифрлық медицинаны, жүргізушісіз көлікті, спутниктік технологияларды, «ақылды қалаларды», электронды сауданы және деректерді өңдеу орталықтарын ынтымақтастықтың келешегі зор бағыттары ретінде атады.

Қазақстан қытайлық компанияларды Екібастұздағы «Деректерді өңдеу орталықтары алқабы» және Alatau City жобаларына тартуды жоспарлап отыр. Alatau City-де цифрлық шешімдер қаланы басқару, көлік, энергетика, білім беру және қоғамдық қызметтер салаларына енгізіледі.

Бұған қоса, Астанада дарынды балаларға арналған қазақ-қытай жасанды интеллект мектебін ашу жоспарланған.

Тоқаев жасанды интеллект технологиясы аз ғана дамыған мемлекеттің артықшылығына немесе геосаяси қысым құралына айналмауы керектігін атап өтті. Шілдеде Қазақстан жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық жөніндегі дүниежүзілік ұйымды құрған 29 мемлекеттің қатарына қосылды.

Білім, мәдениет және туризм

2026 жылы Қазақстан мен Қытай өзара Мәдениет жылын өткізіп жатыр. Бейжіңде Қазақстанның мәдени орталығы жұмыс істейді. Қазақстанда Қытайдың жоғары оқу орындарының филиалдары ашылып, академиялық ұтқырлық бағдарламалары дамып келеді.

Қазір ондаған мың қазақстандық студент Қытайда білім алып жатыр. Сонымен бірге Қазақстан университеттерін таңдайтын Қытай азаматтарының саны да артып келеді.

Өзара визасыз режим туризмнің дамуына серпін берді. 2025 жылы Қазақстанға Қытайдан 962 мың турист келді. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 47%-ға көп. Екі ел арасында аптасына 21 бағыт бойынша 100-ден астам тұрақты жолаушылар рейсі орындалады.

Президент Қазақстан мен Қытайдың БҰҰ, ШЫҰ, АӨСШК және «Орталық Азия – Қытай» форматы аясындағы ынтымақтастығына да тоқталды. 2027 жылы екі ел дипломатиялық қатынастардың орнағанына 35 жыл толуын атап өтеді.

Ұқсас материалдар