Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Қазақстан түркі елдеріне экспортты 17%-ға арттырды

Қазақстан түркі елдеріне экспортты 17%-ға арттырды
фото: Kazinform

Қазақстан Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше елдерге 7,6 млрд доллар көлемінде өнім экспорттаған.


Бұл туралы Ұлттық экономика вице-министрі Асан Дарбаев мәлімдеді. Оның айтуынша, Қазақстанның ТМҰ елдерімен жалпы тауар айналымы 10,4 млрд долларға жеткен. Ең жоғары көрсеткіш Түркия (4,36 млрд доллар), Өзбекстан (3,88 млрд доллар), Қырғызстан (1,78 млрд доллар) және Әзербайжан (0,39 млрд доллар) елдерімен тіркелген. Аталған мемлекеттер ұйым аясындағы сауданың негізгі бөлігін құрайды.

Экспорт көлемі 17,1%-ға өсіп, 7,6 млрд долларды құраған. Ал импорт 2,8 млрд доллар болған. Нәтижесінде Қазақстанның оң сауда сальдосы 4,8 млрд долларға жетті.

– Бұл динамика түркі мемлекеттерінің нарықтарында қазақстандық өнімге сұраныстың артып келе жатқанын көрсетеді. Экспорттың өсуі мыс пен мыс катодтарын, шикі мұнай, бидай, мұнай өнімдері, күнбағыс майы, сондай-ақ металлургия және ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізудің артуымен байланысты, – деді Асан Дарбаев Түркі сауда-өнеркәсіп палаталары одағының үшінші отырысында.

Вице-министр Қазақстанның ТМҰ аясындағы экономикалық ынтымақтастыққа ерекше мән беретінін атап өтті.

– Түркі өңірі айтарлықтай экономикалық әлеуетке ие. Біздің ортақ міндетіміз – осы мүмкіндікті толық пайдалану. Бұл ретте Түркі сауда-өнеркәсіп палаталары одағының рөлі ерекше. Бизнес-қоғамдастықтар арасындағы тікелей байланыс тұрақты серіктестіктер құруға және бірлескен жобаларды іске асыруға жол ашады, – деді ол.

Ұқсас материалдар