Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Қазақстан жаңа халықаралық авиамаршруттар ашады

Қазақстан жаңа халықаралық авиамаршруттар ашады

Қазақстанда 2026 жылы жаңа халықаралық авиарейстерді іске қосу жоспарланып отыр. 

Бұл туралы 21 қаңтарда өткен Үкімет отырысында Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, алдағы жылы халықаралық авиамаршруттарды қайта жандандыру, жаңаларын ашу және қолданыстағы бағыттар бойынша рейстер жиілігін арттыру көзделген. Атап айтқанда, Вена, Токио, Рим, Абу-Даби, Эр-Рияд, Даммам, Ларнака, Амман, Шанхай, Қашғар, Варшава және өзге де қалаларға қатынайтын рейстер саны ұлғайтылады.

Сауранбаевтың сөзінше, Қазақстанның авиатранзиттік әлеуетін арттыру мақсатында ірі жүк тасымалдаушы компаниялармен келіссөздер жүргізілуде.
«Қазақстан әуежайларына жүк авиакомпанияларын тарту үшін FedEx, UPS, Cargolux, DHL, Lufthansa Cargo сияқты ірі халықаралық операторлармен жұмыс жүргізіліп жатыр», – деді министр.

Оның айтуынша, салада оң динамика байқалады: өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан әуежайларында 173 мың тонна жүк өңделген, бұл өңірдегі ең жоғары көрсеткіш. Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта күшейтіледі.

Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлағандай, көлік саласында Самұрық-Қазына қорымен бірлесіп, салалық ведомствоға бір аптаның ішінде жаңа халықаралық авиарейстерді іске қосу және ұлттық карго-тасымалдаушының одан арғы қызметі бойынша нақты ұсыныстар әзірлеу тапсырылды.

Сонымен қатар Нұрлан Сауранбаев 2026 жылы бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобалардың аяқталатынын айтты. Атап айтқанда, Қызылжар Мойынты, Дарбаза – Мақтаарал теміржол желілері салынып, Алтынкөл Жетіген және Жезқазған – Сексеуіл учаскелерін жаңғырту жұмыстары тәмамдалады. Сондай-ақ вокзалдарды қайта жаңарту бағдарламасы жалғасады.

Автожол саласында 2026 жылдың соңына дейін Қызылорда – Жезқазған бағытында қозғалыс ашылып, Қызылорда Ақтөбе төрт жолақты автожолының құрылысы басталады. Жылдың екінші жартысында Қарағанды — Жезқазған трассасы мен Сарыағашты айналып өтетін жол жобалары бойынша жұмыстар қолға алынады.

Ұқсас материалдар