
Оның айтуынша, "Росатом" компаниясымен бірлесіп салынатын стансаның құрылысы ресми түрде басталды. Президент бұл нысанды тек энергетикалық жоба емес, ғылыми-техникалық прогрестің символы ретінде атап өтті.
– Бұл еліміздегі тұңғыш станса болғандықтан, үздік атау бойынша байқау жариялауға болады деп санаймын. Сайысқа қатысып, шығармашылық қарымдарыңызды көрсетуге шақырамын, – деді Қ.Тоқаев.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы жастарға жағдай жасау мемлекеттің басты міндеттерінің бірі екенін айтты. Оның айтуынша, өңірлерде заманауи үлгідегі "Келешек мектептері" ашылып жатыр, мұғалім мәртебесі көтеріледі, ал ғылым жолына түскен жастарға жан-жақты қолдау көрсетілуде.
"Болашақ" халықаралық стипендиясы аясында мыңдаған жас әлемнің озық университеттерінде білім алды. Алдағы жылдан бастап халықаралық олимпиада жеңімпаздарына бағдарлама бойынша оқуға арнайы мүмкіндік беріледі.
Президент елімізге ғалымдар, инженерлер, дәрігерлер, педагогтар және жасанды интеллект саласының мамандары қажет екенін атап өтті. Сондай-ақ, ол жастарды адалдыққа, ізденіске және еңбекқорлыққа үндеді.