Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Қазақстанда бизнеске берілген жаңа кредиттер 19,1%-ға өсті

Қазақстанда бизнеске берілген жаңа кредиттер 19,1%-ға өсті
Фото: ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі

Қазақстанда бизнеске берілген жаңа кредиттер 19,1%-ға өсті

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымовамен кездесуінде елімізде кәсіпкерлікке жаңадан берілген кредит көлемі жыл басынан бері 19,1%-ға өсіп, 12,5 трлн теңгеге жеткені айтылды.

Агенттік төрағасының мәліметінше, бизнестің жалпы кредит портфелі 3,5%-ға ұлғайып, 16 трлн теңгені құрады. Ал қабылданған реттеу шараларының нәтижесінде жеті айда тұтынушылық кредиттердің өсу қарқыны 4,6%-ға дейін баяулаған.

Кездесуде банк секторының негізгі көрсеткіштері де таныстырылды. Биылғы сегіз айдың қорытындысы бойынша банктердің активтері 6,9%-ға өсіп, 75,6 трлн теңгеге жетті. Капиталдың жеткіліктілік деңгейі 20,7%-ды құрады.

Банктер туралы жаңа заңды іске асыру аясында заңға тәуелді актілер базасы толығымен жаңартылып, 80 нормативтік-құқықтық акт қабылданған.

Қаржы нарығын қадағалау шеңберінде сегіз айда сала субъектілеріне 279 инспекторлық тексеру жүргізілді. Нәтижесінде 190 қадағалау шарасы қолданылып, жалпы сомасы 465 млн теңге айыппұл салынды.

Микроқаржы және коллекторлық қызмет нарығында жұмыс істеген 13 субъект лицензиясынан айырылды. Тағы алты субъектінің лицензиясы уақытша тоқтатылып, төрт коллекторлық агенттік тізілімнен шығарылды.

Мерзімі өткен берешекті ұжымдық реттеуге арналған Finkelisim.kz платформасы биыл шілде айында іске қосылған. Ал жыл соңына дейін азаматтардың қаржы ұйымдарына қатысты өтініштері мен шағымдарын қарайтын Бірыңғай қаржы омбудсмені кеңсесі жұмысын бастайды.

Мәдина Әбілқасымова Президентке капитал және сақтандыру нарықтарын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламалары, сондай-ақ «Капитал нарығы туралы» және «Сақтандыру нарығы туралы» жаңа заң жобаларының әзірленуі жөнінде де есеп берді.

Сонымен қатар агенттік жасанды интеллект негізінде FinAI бірыңғай қадағалау платформасын құрған. Жыл соңына дейін қаржы нарығына жасанды интеллектіні енгізу стратегиясы әзірленбек. Құжатта ақпараттық қауіпсіздік пен деректерді қорғаудың бірыңғай тәсілдері қамтылады.

Кездесу қорытындысында Мемлекет басшысы қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету, экономиканың нақты секторын кредиттеуді арттыру, қаржы саласында жасанды интеллектіні кеңінен қолдану, сондай-ақ капитал және сақтандыру нарықтарын дамыту жөнінде тапсырмалар берді.

Ұқсас материалдар