ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банк ипотекалық несиелер бойынша шекті сыйақы мөлшерлемелерін айқындайтын бірлескен қаулы қабылдады.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, жаңа мөлшерлемелер 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.
Бұған дейін ипотека бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің (ЖТСМ) шекті деңгейін 2026 жылғы 1 шілдеден бастап 25%-дан 20%-ға дейін төмендету жоспарланған еді. Алайда кейін бұл шешім қайта қаралып, күшіне енгізілмейтін болды.
Келесі жылдан бастап ипотекалық несие мөлшерлемесі LTV (Loan-to-Value) коэффициентіне, яғни несие сомасының кепіл мүлкінің құнына қатынасына байланысты белгіленеді.
Қарапайым тілмен айтсақ, алғашқы жарна неғұрлым жоғары болса, банк белгілей алатын ең жоғары мөлшерлеме соғұрлым төмен болады.
Егер LTV коэффициенті 0,7-ден аспаса (яғни алғашқы жарна 30% немесе одан жоғары болса), ипотека бойынша шекті ЖТСМ 20% болады.
Ал басқа жағдайлардың барлығында шекті ЖТСМ 25%-ға дейін белгіленеді.
Бұл көрсеткіштер банктер белгілей алатын шекті мөлшерлемені білдіреді, яғни бастапқы жарна 30% болған жағдайда ипотека 18% жылдық мөлшерлемемен рәсімделуі мүмкін. Ал бастапқы жарна 20% болса, мөлшерлеме 22% болуы ықтимал.
Агенттік бұл өзгерістер тек ипотекалық тұрғын үй несиелеріне қатысты екенін және 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енетінін мәлімдеді.
– 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті деңгейі 25% болып сақталады, – деп хабарлады агенттік.





