Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Қазақстанда несие беру талаптары күшейеді

Қазақстанда несие беру талаптары күшейеді

 2026 жылғы 1 шілдеден бастап екінші деңгейлі банктер қарыз алушылардың табысын қатаң тексеруге көшеді.

Бұл өзгерістерді Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі растады. Жаңа талаптарға сәйкес, банктер енді клиенттің төлем қабілетін тек ресми деректер арқылы бағалайды. Атап айтқанда, тұрақты зейнетақы аударымдары мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жарналары негізгі көрсеткішке айналады. Бұл қаржы ұйымдарына азаматтардың нақты табысын ашық әрі дәл анықтауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, борыштық жүктеме коэффициенті (БЖК) қайта қаралып, қарыз алушының табысы мен берешегі арасындағы арақатынасқа қойылатын талаптар күшейтіледі. Нәтижесінде банктер несие беру кезінде бұрынғыдан да сақ болмақ.

Жаңа ережелер ең алдымен ресми тіркелмей жұмыс істейтін немесе жалақысын «конвертпен» алатын азаматтарға әсер етеді. Мұндай жағдайда табысын құжатпен дәлелдей алмаған адамдар үшін тұтынушылық несие, автонесие немесе ипотека алу едәуір қиындайды, тіпті кейбіріне мүлде қолжетімсіз болуы мүмкін.

Сарапшылардың пікірінше, бұл шаралар халықтың шамадан тыс қарызға батуының алдын алуға және қаржы нарығындағы тәуекелдерді азайтуға бағытталған. Қазір несие алуды жоспарлап жүрген азаматтардың қаржылық құжаттарын ретке келтіруге небәрі бірнеше ай уақыты бар.

Ұқсас материалдар