Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырысында жемқорлыққа қарсы реформалардың орындалу барысы сарапталды.
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Жиын барысында GRECO ұсынымдарын іске асыру мәселесі қаралды. Сондай-ақ Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен Әділет министрлігі басшылығының баяндамалары тыңдалды.
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты жетілдіру бағытында қабылданып жатқан шаралардың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, 15 наурызда өткен жалпыхалықтық референдум нәтижесінде қабылданған жаңа Конституция елдің дамуында маңызды кезең басталғанын көрсетеді.
– Жаңа Ата заң «мемлекет адам үшін» қағидатын бекітті. Онда азаматтардың құқықтары мен бостандықтары мемлекеттік саясаттың басты басымдығына айналды. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер күшейтілді. Мәселен, Конституцияда жемқорлық қылмысы үшін сотталған азаматтардың мемлекеттік қызметке сайлануына тыйым салу нормасы алғаш рет енгізілді, – деді Ерлан Қарин.
Оның сөзінше, жүргізіліп жатқан реформалар халықаралық ұйымдармен, соның ішінде GRECO аясындағы ынтымақтастықты дамытуда маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар ұлттық мүддені қорғау басым бағыт болып қала береді.
Жиын қорытындысында «Заң және тәртіп» қағидатын нығайту сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың негізгі бағыты ретінде белгіленді.





