ҚазТрансОйл 2025 жылғы таза пайдасының басым бөлігін акционерлерге дивиденд ретінде бөлуді жоспарлап отыр.
Компанияның қор биржасына жолдаған хабарламасына сәйкес, 56,6 млрд теңге таза пайданың 45,4 млрд теңгесі дивиденд төлеуге бағытталмақ. Ал қалған 11,2 млрд теңге өндірістік қажеттіліктер мен даму жобаларына жұмсалу үшін компанияның өзінде қалдырылады.
Ұсынысқа сәйкес, бір акцияға шаққандағы дивиденд көлемі 118 теңгені құрайды. Бұл шешім акционерлердің жалпы жиналысында қаралып, бекітілуі тиіс.
Айта кетейік, «ҚазТрансОйл» өткен жылы қаржылық көрсеткіштерін айтарлықтай жақсартты. Компанияның таза пайдасы 2024 жылғы 39,8 млрд теңгеден 56,6 млрд теңгеге дейін өскен.
Компания акцияларының 90 пайызы ҚазМұнайГаз ұлттық компаниясына тиесілі. Қалған бөлігі жеке инвесторлар мен халықтың иелігінде.
Сонымен қатар, биылғы бірінші тоқсанда «ҚазТрансОйл» Атасу–Алашанькоу мұнай құбыры арқылы 2,85 млн тонна мұнай тасымалдады. Оның ішінде 345 мың тоннасы қазақстандық өндірушілерге тиесілі.





