
Қазақстан Үкіметі мемлекеттік бюджетті оңтайландыру мақсатында бірқатар жаңа бастамалар мен шығын түрлеріне 2028 жылдың соңына дейін мораторий енгізу туралы қаулы қабылдады.
Қаулы Эталондық бақылау банкінде жарияланып, қол қойылған күннен бастап күшіне енді.
Құжатқа сәйкес, республикалық және жергілікті бюджеттерден төмендегі бағыттар бойынша жаңа шығындарға ақша бөлуге тыйым салынады:
-
Жаңа әлеуметтік бастамалар;
-
Жаңа бюджеттен тыс қорлар құру;
-
Мемлекеттік органдарға арналған жаңа әкімшілік ғимараттар мен кешендер салу немесе сатып алу.
Бұл шектеу 2022 жылдан кейін құрылған әкімшілік-аумақтық бірліктерге және «Мәдениет туралы» заңда көрсетілген мәдениет ұйымдарының жаңа нысандарына қолданылмайды.
Сонымен қатар, мемлекеттік бағдарламалар мен даму жобалары бойынша тендер нәтижесінде үнемделген қаражатты мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор өз қалауларынша пайдалана алмайды.
Босатылған қаражат қайда жұмсалады?Үнемделген қаржы елдің экономикалық өсуіне әсер ететін басым жобаларға қайта бөлінеді. Үкімет бұл шешім бюджет қаражатын тиімді әрі ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді деп отыр.
Болашақ бюджеттерге әсері:Мемлекеттік органдар 2026-2028 жылдарға арналған бюджет жоспарларын жасағанда, осы шектеулерді міндетті түрде ескеруі тиіс.