Қазақстан Республикасының Үкіметі Конституцияны ілгерілету жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітті.
Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойған. Құжат 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы нормаларын кеңінен түсіндіру, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және жаңартылған Негізгі Заңнан туындайтын заңнамалық шараларды жүзеге асыруға бағытталған.
Жоспар үш негізгі бағыт бойынша 36 іс-шараны қамтиды. Олар: ұйымдастыру жұмыстары, ақпараттық-түсіндіру шаралары және құқықтық қамтамасыз ету.
Ұйымдастыру бағытында Конституция мәтінін басып шығару және тарату, оның ішінде мүгедектігі бар азаматтарға бейімделген форматтарды әзірлеу, электронды платформаларда орналастыру және ағылшын тіліне аудару қарастырылған. Сонымен қатар ғылыми-сараптамалық жұмыстар жүргізу, көрмелер ұйымдастыру және ағартушылық жобаларды іске асыру жоспарланып отыр.
Құқықтық сауаттылықты арттыру мақсатында оқыту семинарлары мен білім беру іс-шаралары өткізіледі. Мектептер мен жоғары оқу орындарының бағдарламаларын жаңарту, «Құқық негіздері» және «Заң мен тәртіп» пәндерін жетілдіру, сондай-ақ әдістемелік материалдар мен балалар басылымдарын әзірлеу көзделген.
Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары аясында бірыңғай медиа-жоспар әзірленеді. Телерадио хабарлар шығару, мақалалар жариялау, әлеуметтік роликтер мен деректі фильмдер түсіру, сондай-ақ Конституция нормаларын түсіндіретін интерактивті сервистерді іске қосу жоспарланған.
Жоспардың жекелеген бөлімінде Конституцияны іске асырудың құқықтық тетіктері қарастырылған. Оның ішінде заңнаманы жетілдіру, қолданыстағы құқықтық актілерді талдау және стратегиялық құжаттарды жаңарту шаралары бар.
Жалпы, қабылданған жоспар Конституция нормаларын халық арасында кеңінен насихаттап, жаңартылған Негізгі Заң талаптарын толық іске асыруға мүмкіндік бермек.





