Көкшетау қаласында агроөнеркәсіп кешеніне бөлінген мемлекеттік субсидияларды жымқыру ісі бойынша сот үкімі шықты.
Істі Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті тергеген.
Тергеу деректеріне сәйкес, екі жыл бойы «МолПродЖаркаин» ӘКК директоры А.С. Ефимкина мен «Рассвет» шаруа қожалығының басшысы А.В. Маслов сүт және оны терең өңдеу өнімдерінің өндірісін арзандатуға арналған субсидияларды заңсыз алған.
Анықталғандай, «Рассвет» шаруашылығында мәлімделген көлемде сүт өндіруге жеткілікті мал басы болмаған. Соған қарамастан электрондық шот-фактуралар жүйесінде «МолПродЖаркаин» ӘКК-не 3 млн килограмнан астам шикі сүт жеткізілгені туралы жалған құжаттар рәсімделген.
Осы жалған мәліметтер негізінде сүтті сары май мен қатты ірімшікке өңдеу туралы есептер жасалып, уәкілетті орган өтінімдерді мақұлдағаннан кейін бюджет қаражаты кәсіпорынның есепшотына аударылған. Нәтижесінде мемлекетке келтірілген жалпы шығын 152 млн теңгені құрады.
Тергеу барысында субсидияның бір бөлігі жасыру мақсатында Ефимкинаның туысының депозиттік шотына аударылғаны анықталды. Кейін бұл қаражатқа жалға беріліп, табыс табуға арналған мобильді ғимарат сатып алынған.
Сотқа дейінгі тергеу кезінде 6 жер учаскесіне, 4 пәтерге, 11 автокөлікке, мобильді ғимаратқа және өндірістік нысанға тыйым салынды.
Сот үкімімен А.В. Маслов пен А.С. Ефимкина 6 жыл 4 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. Мобильді ғимарат мемлекет кірісіне тәркіленді, ал қалған мүлікке салынған тыйым азаматтық талап толық орындалғанға дейін сақталады. Үкім заңды күшіне енді.





