Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Көлсайға аспалы жол, «Қара каньонда» шыны көпір салынады

Көлсайға аспалы жол, «Қара каньонда» шыны көпір салынады

Алдағы жылдары Алматы облысының Кеген ауданында 6 бірдей ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. Бұл туралы БАҚ өкілдерінің өңірге баспасөз туры барысында аудан басшылары айтты. 

Аудан әкімі Нұрбақыт Теңізбаевтың айтуынша Саты ауылынан қуаттылығы 2 мВТ болатын шағын ГЭС және 20 мВт болатын су электр станциясын салу жоспарлануда, Жобаның жалпы құны 18,6 млрд теңгені құрайды. Бұл алты жобаның ішіндегі бюджеті ең ірісі. 2025-2026 жылдары жүзеге асырылатын жобаның инвесторы - «ASK Grоup» ЖШС.

Саты аудандағы туризм қарқынды дамыған ауылдың бірі. «Көлсай көлдері» МҰТП аумағындағы Көлсай, Қайыңды көлдеріне жыл басынан қыркүйек айының соңына дейін 324 647 демалушы келген. Туристер саны жыл сайын өсіп келе жатқандықтан жарық қуатының жетіспеушілігі байқалуда.

Шелек өзенінің аңғары. Фото: Олег Толстов, nationalgeographic.kz

Саты ауылы маңындағы туризмге қатысты жобаның бірі – Көлсай көліне аспалы жол салу жоспарлауда. 2026 жылы басталатын жобаны «ASK Capital» ЖШС жүзеге асырады,  жалпы құны 5,0 млрд теңге.

Аудан аумағында іске қосылатын тағы бір жобаны «Kegen Hydro» ЖШС-і жүзеге асырады. Қуаты шамамен 20 МВт шағын гидроэлектростанцияларға салынатын (ГЭС) инвестиция көлемі – 13,6 млрд теңге. Құрылыс кезінде 100, іске қосылғаннан кейін 30 жұмыс орны пайда болмақ.  

Инвесторлар ауданда форель шаруашылығын да қолға алмақ. «7СOLORS» ЖШС-і Жіңішке өзенінде форель шаруашылығына 200,0 млн. теңге салып, 18 жұмыс орнын ашады. 2024-2025 жылдары жүзеге асатын жобаның қуаттылығы: жылына 500 тонна форель өндіру.

Кеген ауданы әкімінің орынбасары Мұхтар Батырханұлының айтуынша, инвесторлар аудан аумағындағы «Қара каньон» атымен танымал  Көртоғай шатқалына да бірнеше нысан салады.

«Кәсіпкер Сырым Көлбаевтың «Қара шатқалы» ЖШС туристік  нысандар салуды жоспарлап отыр. Олар қазіргі кезде 5 гектар жер телімі бойынша жұмыс бастаған», дейді ауданы әкімінің орынбасары.

Сырым Көлбаевтың айтуынша алдағы 3 жылда аумаққа 500 миллион теңге инвестиция салып, 30 үй, үш коттедж, үш мейрамхана, 3,5 гектар жерге балық аулайтын орын ашу көзделіп отыр.

Бұл жұмыстарды қолдау үшін Алматы облысы әкімдігі бюджетінен «Қара каньонға» жарық тарту үшін 53 млн теңге бөлініп, жарық тарту жұмыстары аяқталуға таяу.

«Қара каньонда» Қытайдағыдай аспалы шыны көпір де салу жоспарлауда. Ұзындығы 170 метр,  биіктігі 80 метр, 500 адамды бір уақытта көтере алатын көпірге «ASK Capital» ЖШС 1,5 млрд теңге салып, 2025-2026 жылдары іске асырмақ. Шыныдан салынып, шықырлаған дыбыс шығаратын көпір сауықтыру саябағымен жалғасады.

Қытайдағы аспалы шыны көпір

«Жоба ТМД бойынша ерекше болғалы тұр. Біздің салатын көпір Қытай еліндегідей шыныдан жасалатын болады. Жобамызда көпірді шытынатып көрсететін арнайы экран дыбыс эффектісімен қойылады, деп жоспарлап отырмыз. Тіпті, туристтер көпірден жәй ғана өтіп қоймай көпірдің арғы бетіне көңіл көтеретін  алаң жасалады және атпен серуендеу, квадрацикл сияқты ойын алаңдары болады. Жоба 2025 жылдың күз айында аяқталады», - дейді «ASK Capital» ЖШС өкілі Манат Тағаев.

Ауданға салынатын инвестицияның бірі - Кеген – Алматы тас жолының бойындағы Жалағаш ауылы, Көлсай көлдеріндегі бұрылыста Compass жанар – жағар май құю бекеті, қонақ үй, азық түлік дүкенімен қоса салыну жоспарлануда. Жоба құны 2,8 млрд теңгені құрайды. Айта кетейік, Қазақстандағы Compass тек жанармай құю бекеттері ғана емес, супермаркет және кофеханасы бар көп функциялы кешен ретінде танымал. Жақында  компания Астана-Қарағанды тас жолы Жібек Жолы ауылындағы шағын қонақ үйді іске қосты. 

Айта кетейік, қазіргі кезде Кеген ауданында «КегенМясПром» ЖШС инвестициялық жоба құны  2,5 млрд теңге болатын ет комбинатын іске қосу алдында. Бас мердігер «БАЗИС-А» ЖШС 2021 жылы бастаған құрылыс аяқталып, желтоқсан айында пайдалануға берілмек. Компания өкілдерінің айтуынша ет комбинаты құралдары 100% дайын, электр желісі тартылды, 525 м-ден тәулігіне 125 м3 су ағатын ұңғыма қазылды, инженерлі геологиялық жұмыстары 100%,  іргетас жұмыстары 95% атқарылды. Жақында комбинаттағы автоматтандырылған құрылғымен алғашқы мал сойылып, сынақтан өтті. 

«КегенМясПром» ЖШС директоры Тоқтарбек Баймолдаев

Аудандағы негізгі кәсіпкерлік көзі мен инвестиция – туризмге салынуда. Өткен 9 айда ауданға 361 223 турист келіп, бюджетке 81 млн 408 мың теңге салық түскен. Өткен жылы  244 733 турист келіп, бюджетке 89 млн 464 мың теңге түскен еді. Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша жоспарлы 6 млрд 275 млн  теңгенің орнына  6 млрд 309 млн теңге түскен.  

Айта кетейік, 2024 жылдың 9 айында  аудандағы негізгі капиталға 4,1 млрд.теңге инвестиция тартылған. Осы кезеңде 3322 шағын және орта кәсіпкерлік субъектсі тіркелген, оның 335-і заңды тұлға, 1467 жеке кәсіпкер, 1520 шаруа қожалығы. 

Ұқсас материалдар