Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Қытай Орталық Азия елдеріне қайтарымсыз грант бермекші

Қытай Орталық Азия елдеріне қайтарымсыз грант бермекші

  Бұл туралы Астанада өткен «Орталық Азия – Қытай» ІІ саммитінде Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин мәлімдеді.

– Аталған қаржы 108,3 млрд теңге немесе 210 млн АҚШ долларын құрайды. Бұл ақша халықтың әл-ауқатын жақсартуға және олардың жеке дамуына ықпал ететін маңызды жобаларды қолдауға жұмсалады. Қытай әрдайым Орталық Азия мемлекеттерінің сенімді және ізгі көршісі болып қала береді. Біз Орталық Азия елдерімен тең дәрежеде, шынайы әрі достық ниетпен қарым-қатынас орнатып келеміз және бұл достық әрдайым гүлдене береді. Бүгін біз мәңгілік достық пен ынтымақтастық туралы келісімге қол қоямыз. Бұл келісім біздің қарым-қатынасымызды құқықтық тұрғыдан бекітеді. Бұл – алты ел арасындағы қарым-қатынас тарихындағы жаңа белес және Қытайдың көршілес елдермен жүргізіп отырған сыртқы саясатының ірі жетістігі, – деді Си Цзиньпин.

ҚХР Төрағасы сондай-ақ алдағы 2 жылда Орталық Азия елдеріне кәсіби дайындық курстарына қатысу үшін 3000 квота бөлуді көздеп отырғанын айтты.

Сонымен қатар Си Цзиньпин Орталық Азия елдерін Жібек жолы жобасына қатысуға шақырды. Одан басқа бірлескен жоғары технологиялық кәсіпорындар мен инновациялық парктер құруды ұсынды.

Айта кетейік, Астанадағы Тәуелсіздік сарайында «Орталық Азия – Қытай» ІІ саммиті өтіп жатыр. Іс-шараға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚХР төрағасы Ци Цзиньпин, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов және Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон қатысып отыр.

Ұқсас материалдар